Би — өмір сүру символы

Би – өмір сүру символы. Ол адам баласын үнемі көтеріңкі көңіл-күйде, қанаттанып жүруге мәжбүрлейтін өнер.Сонау ерте дүниеден адам аң мен құстың қимылына қарап, жапырақтардың сыбдырына, бұлақ суының сылдырына елтіп, соларды жанына тоқып дамыған. Би өнері сұлулық, сымбаттылық, әсемдік сыйлайды, еңбектенуге баулиды. Ол этика мен эстетикалық тәрбие беріп қана қоймай, жанға қуат береді.

Мен білім беру саласында, нақтырақ айтсам, «Исатай Исабаев» атындағы өнер мектебінде би үйірмесіне жетекшілік етіп, көптеген педагогикалық жетістіктерге қол жеткіздім. «Қарлығаш» би ұжымын құрдым. Негізі аталмыш өнер ордасында жас дарындар әр түрлі үйірмелерге қатысып, аудан, облыс көлемінде топ жарып жүр. Би бөлімінде 5 мұғалім жұмыс істейді. Олар К.М.Мукашева Н.Н.Норенко Н.Досанамановалар және мен. Жалпы 1 сыныптан бастап 7 сыныпқа дейін 92 бала би өнері бойынша тәлім алуда. Оқушылардың би өнеріне деген сүйіспеншілігін оятып, тұрақты қызығушылығын қалыптастырамыз. Шәкірттеріміздің репертуарына көп мән береміз. Нәтижесінде мінекей, бүгінде біздің өнерлі өріндеріміз, ата-аналарын ғана емес, облыс көлемінде, Республика көлемінде өнер көрсетіп қошеметке бөленіп жүр.

Биыл би бөлімінің бірінші түлектері бітіреді. Менің өз оқушыларым «Қарлығаш» би ансамблі жылды жақсы жетістікпен бастады. 2018 жылдың каңтарында өткен Республикалық «Дарабоз» байқауда 1 орынға қол жеткізіп, «Атадан — мұра» қоғамдық қорының Президенті Талғат Сауранбаевтың қолынан арнайы диплом алды.

Иә, би өнері – тілсіз өнер, оның айтар мағынасы болуы шарт. Философиялық мағынаға бай болуы тиіс. Былай айтқанда, спектакль іспеттес. Жүректегі, ойдағы жазуды би тілімен, жеткізу, халықты бұған сендіру – басты мәселе. Осы жағынан келгенде, қолдың, саусақтың, буынның, дененің әр қимылы – пәлсапа!

Би үйірмесіне қатысатын дарынды оқушылардың негізгі іргетасын қалап, осы бір өнерге қызықтырып, қосымша Сыдықов мектебінде және Сиқымов мектебінде сабақтар жүргізіледі.

Анар Серікова,

 И.Исабаев  атындағы өнер мектебінің тәлімгері.

Мәліметпен бөлісу: