Бабамызға жырдан шашу шашылды

ЕР БӨРІБАЙ

Сөзін жазған: Ғабит ТҰРСЫНБАЙ

Әнін жазған: Жанар ҚОЖАҒАЗИНА

Шарықтап асқар шыңға қыран қонған,

Қазаққа ер Бөрібай ұран болған.

Ханда да Бөрібайдың еншісі бар,

Жоңғарды түре қуған құба жоннан.

ҚАЙЫРМАСЫ:

Үш жүздің қолын басқарып,

дұшпанға тиген Бөрібай.

Қарауға жауы жасқанып,

бастарын иген, Бөрібай!

«Бөрібайлап» шапқанда

аттанған қазақ өріп-ай,

Азаттық таңы атқанда

оралдың қайтып — Бөрібай!

Көшсе де керуендей ғасыр легі,

Ұмытпас туған елі асыл ерді.

Ұрпағың «Бөрібайлап» атқа қонса

Мерейі үстем болып тасып еді.

Халықтың бақытына туған нағыз,

Әр ісі Бөрібайдың дастан-аңыз.

Қастерлі Сарыарқаңда азат еткен

Әлемге асқақтайды Астанамыз!

БӨРІБАЙ БАТЫР РУХЫ

Төлеужан ҒҰМАРОВ

Уа, Жаратқан! Мың бір тәуба,

мың алғыс,

Біз Қазақтар тек ерлікке құмармыз.

Қазыналы жер иесі болғасын

Дұшпаннан да құтылмайтын шығармыз.

Құс қанатын талдыратын дала бар

Сол далада шөкті қанша қара нар.

Тұтастығын сақтау үшін халқының

Өтті өмірден қанды кешіп бабалар.

Тәуелсіз ел жарқырайды енді күн,

Рухтанды ел айналғандай жерді күн.

Түркістаннан топырағы әкелді

Бөрібайдай батырыңның ерлігін.

Бір ауыз сөз сенде қанша жылылық,

Соған келді қазақ елі жылынып.

Бір-ақ уыс топырақтан тұрады

Жер бетінде білсек барлық ұлылық.

Міне осында берекенің бар сыры,

Ел тарихтың бір қатпарын аршыды.

Таспаларсыз елестету мүмкін бе?

Алты таспа бұзау тісті қамшыны.

Бірлік бар да біз өрілген таспамыз,

Өзге ұлтқа жөнсіз құшақ ашпаңыз.

Өткен күннен күл орнына от алғын,

Керек емес басқа ертегі, басқа аңыз.

Рух келді, әулиелі мекеннен,

Бірлікке үлгі бірақ мазар көтерген.

Жер ананың құшағында бір жатыр,

Арыстарым ел ананы жеке емген.

Рух келді, аш сананы оян жұрт,

Жаратпаған бізді Алла сараң ғып.

Елді сүю, жерді сүю дегенің

Азаматтың бойындағы адамдық.

Рух келді, аяла елді сүй көпті,

Сүйген адам Алла алдында құрметті.

Ясауи мен Арыстанбаптай бабадан

Жетісуға сарқылмайтын сый кепті.

Сол сый бізді жетелесін мұратқа,

Ұлт орнына руды айтып ұялтпа

Түркістанда жатқан баба бірлігі

Қазағымның бар үйіне тұрақта.

Сай болайық Қазақ деген Ұлы атқа…

ЖЕТІ АТА

Қанат қаққан қияға қыран болған Қаптағай!

Ұрпағына мәңгілік жыр-ән болған Қаптағай!

Жөңкіп келген жауларын жәһанамға жөнелтіп,

Қабырғалы Найманға ұран болған Қаптағай!

Әне, солай өткен-ді,

                          әруақты бабамыз,

Тамыр тартқан тереңнен тарихымның бәрі аңыз.

Ел-жұртының қамын жеп, ер үстінде күн кешкен,

Бабалардан жалғасып, болашаққа барады із…

Көкірегі ояуды елі қолдап – «Көсем» дер,

Қайтаратын қашанда жауда кеткен есемді ер.

Есенгелді ұрпағы, Жолан, Асан, Сары би,

Қол бастаған батырлар,

                                          Сөз бастаған шешендер!

Арғымағы қарғыған қиядан да, ордан да,

Баһадүрлер көп шыққан жау тірескен сол маңда.

Дүниеге келіпті Бөрібайдай бабамыз,

Қаптағайдан таратып, жеті атаға толғанда!

Жұрттың жайын ойласа өртенетін өзегі,

Кекке қайрап намысын, елдің мұңын сезеді.

Бейқам жатқан қазаққа қалмақ салған әлекті,

Қыл үстінде тағдыры, қатерлі бір кез еді…

Қауқар болмай тұрарлық жойқын күштің алдында,

«Елім-ай» – лап қазағым батқан кез-ді зар-мұңға.

Ақылымен, айламен ағайынға жол салған,

Жалайыр мен Қоңырат, Найман менен Арғынға!

Қаймықпаған қалмақтың қаһарынан, сұстан да,

Арыстанша айқасқан жау бүйірден қысқанда.

Ер Бөрібай аттанды ұран болып Матайға,

Жекпе-жекте дес бермей қарсы келген дұшпанға!

Ерлігіне сүйсініп, қайратына бас ұрған,

Бөрібайдың ұрпағы бірыңғай кіл асылдан.

Асса дағы төгілмес Қыдырәлі кемегер,

Досет батыр көкжал-ды ата даңқын асырған.

Қалмақ қашып жерімнен, кеткен кезде жұрттан мұң,

Болашағын елінің болжап біліп, ұққан кім?!

Бөрібайдың жетінші ұрпағы еді түсірген,

Ата заңын Алаштың – Барлыбегі Сырттанның!

Бір арманым толықса, бір дүнием кетті кем…

Қазағымның бүгіні жаймашуақ деп білем.

Өкірештен өрбіген, Төлек шалдан тараған,

Жалғасады ұрпағы тәлім алып тектіден!

Заман басқа, заң басқа, Алаш бүгін саналы,

Ғылым-білім, өнердің алынды сан қамалы.

Қаптағайлап шапқанда баурымның қаны ойнап,

Аттанғанда атына «Бөрібайлап!» – қонады!!!

                                                                     Қуат ҚАЙРАНБАЕВ.

БӨРІБАЙ БАТЫРҒА ТАҒЗЫМ

 Жайғасып батыр баба тұғырына.

Барша елдің Жетісуда құзырына.

Қандай ғажап керемет жырлар кеп тұр

Ақындардың үндесе сарынына.

Найзасы қолға алған шашып сесін.

Аюдың айдаһардың алар есін.

Шығысымды күзеткен ер Қабанбай

Жүргізер Жетісуға батыр десін.

Түркістаннан әкеп ұрпақ

сақтай салтын.

Киелі топырақты ап, жатқан жақын.

Ғасырлар бойы жатқан құт мекеннен

Әкелді батыр баба аманатын.

Төсенген Түркістанда батыр төсін.

Ғасырлап өткізгенді күн түн кешін.

Рухы ұрпағымен бірге келмек

Түзеген Жетісуға бұрған көшін.

Орын теуіп Ақсу өзен сағасынан.

Ну орман, тоғайлы су жағасынан.

Сырттан жау, келімсектер

келмесін деп,

Шолғын шолмақ бар қазақ даласынан.

Сонау жыл Түркістанға сапар шегіп.

Басына батыр баба тізе бүгіп.

Дұға еттім, бетті сыйпай құран оқып,

Оянғанды бойымдағы ой, жатқан бөгіп.

Түркістандай кие қонған кие жерде.

Хан,сұлтан,батыр жатқан кие төрде.

Киелі тұрағыңа басты иіп

Жіпсіді ме,шыланды маңдай терге.

Бұл білем, бабалардың шарапаты.

Ұрпағына қылған ізгі қанағаты.

Тылсымнан ұрпағына жолдап жатқан

Құрметі, киесі мен шапағаты.

Мен солай түсінемін, басқаң қалай.

Сәтімді сағат, минут тұрдым санай.

Бір леп сыйпай өткен маңдайымнан

Өткенімде баба жатқан жерді жанай.

Соннан бері мүшел жас өтіп кетті.

Әсері!!! әлі жатыр жайлай бетті.

Мен кезген Ащыбұлақтың бел төсінде

Жүр сезім ,аралайды қиян шетті.

Ұрпағың Бөрібайлап ұрандатып.

Ұранға қыран қосар, үнін қатып.

Қыран құс найзаңызға келіп қонып

Көкжиекке күн боп ұшар,бірге батып.

Мызғымай ел күзетер, ен далада.

Мең секілді Жансүгірдей ем қалада.

Ұланын тосып жатқан неше ғасыр

Келді ұлың кең далаңа, боп самала.

Тарихың бар, тарау тарау хатқа түскен.

Жоғалтпақшы болған кезең,

қарау күшпен.

Ұрандатқан ұрпағыңның ішін тінтіп,

Кеңес дәуір қуып елес ізге түскен.

Рухың мен ізің жатыр, күре жолда.

Көзіңді аш кеңес дәуір елес қума.

Бөрібайлап ұрандатқан жалын күшпен

Рухы бірге болған күрес жолда.

Сондықтан жеңе алмадың, кеңес дәуір.

Отамалыдай боп келседе бейне сәуір.

Бабаның өр рухын жеңе алмайсың

Аптықпа, далбақтама, болма жауыр.

Рухы жүр, кезіп көгін Жетісудың.

Сыр, Аму, үстін кезе өзен Шудың.

Атырау мен Алтайды кезген рух,

Жиыл дейді астында көкшіл туудың

Бабаның тілегі де осы болар

Бірігейік астында көкшіл тудың.

                             Қауысов Мұхаметсапа ҚАЛИХАНҰЛЫ.

Талдықорған қаласы.

ҚАСҚАЙЫП ЕЛІН, ЖЕРІН КҮЗЕТІП ТҰР

Қасқайып қарсы тұрған дауылына

Жоңғардың тауын шаққан дара тұлға

Ұрпаққа ұмытпастай жолын салған

Дұшпанға ел, жер үшін ойран салған

Бөрібай Қалмаққа шапқан кезде

Имандарын оқып жау қашқан екен

Сарысуға Үш жүзді түгел жинап

Жаудың мысын сол жерде басқан екен

Сол батыр бабам келді біздің төрге

Ақсудай арқыраған кең өлкеме

Қасқайып елін, жерін күзетіп тұр

Келдірмей жамандықты туған елге.

                                                 Б.ТАНЫСБЕКОВ.

                АРНАУ

 Қуаныштан тасуда көңіл ойнап,

Ағайын шашу шашуда бүгін тойлап.

Ақсу жұрты күтуде ықыласпен,

Ескерткішін бабамның, Бөрібайлап.

Бабамыз жолға шықты, шүкір, тауба,

Құтты болсын естіген барлық жанға!

Ел мен жерге берекет нәсіп етіп,

Әрқашан құлдарыңды қолда Алла!

Қан майданда арпалысып күні өткен,

атой салып шайқасып, дүбірлеткен.

Араға жылдар салып батыр бабам.

Жолға шықты өздері жүріп еткен.

Ұрпақтары тигізбей табан жерге,

Жеткізді зор жаңалық, хабар елге.

Кең даланы қалдырған ұрпағына,

Алып барат арқалап, бабамды елге.

Ер еді ел деп жанын жаралаған,

Құл болуын халқының қаламаған.

Сол еңбегін бүгінде Бөрібайлап,

Ұрпақтары ұлықтап бағалаған.

                                          Ербол ОРАЗБЕКОВ.

Мәліметпен бөлісу: