Ата — бабаларымыз ерте заманнан — ақ ауылдың жай — күйі мен қадір — қасиетіне ерекше ден қойып, тіпті оны қазақи ұғым түсініктермен де байланыс-тыра отырған.
![](https://aksuoniri.kz/wp-content/uploads/2023/08/07075.jpg)
Мысалы, «Ағайынның аты озғанша, Ауылдастың тайы озсын»,-деп бауырынан гөрі ауылдасын жоғары бағалап, пір тұтқан. Немесе көптен бері кездеспей кеткен танысымен жолығып, хал сұрасқанда да «Ауыл аймақ аман ба?»,-деп әңгіменің басын ауылдан бас-тайтын болған. Міне, бұл да қазақ халқының өзіндік ерекше қасиеті.
Ауыл – әрбір қазаққа етене жақын. Мейлі ол қалалық болсын, тіпті басқа елде жүрсін, әйтеуір ауылға деген ыстық сезім, сағыныш қазақ баласының бойынан табылары айдан анық. Ауыл гүлденсе бұл қазақ халқының байығанымен тең. Себебі, әрбір қазақ ұл-қыздарының шыққан ортасы ол ауылдық мекендер. Ауылдың түтіні, самал желі, айраны мен құрты, даладағы ас пісіп жатқан қазан ошағы, сарқылдап қайнап жатқан самаурынның шайы, таза ауасы – баға жетпес асыл қазынасы. Осындай ауылдың тұрмыс — тіршілігіне сырттай қарап отырсаң, балалық шақтың өскен ортасын, еш уайымсыз өтіп жатқан күнделікті тұрмыс – тіршілікті әрбір қазақ баласы сағынары сөзсіз. Есейіп ер жетіп, қалаға оқуға түсіп, білікті маман болып, үлкен қызметкер болған күннің өзінде көптеген аға-апайларымыз бір уақыт бәрінен демалу үшін, ауылды сағынып, кіндік қаны тамған жеріне барып таза ауасымен тыныс алғанын аңсап, өткенін еске түсіріп, ескі жолдастарымен кездесіп, қайта оралмас рахатқа батып жатады.
Менде өз ауылым жайлы ой толғағым келді. Мен қазаны оттан түспеген, береке — бірлігі сарқылмаған Жаңалық ауылының тумасымын. Жалаң аяқ жүгіріп, тай — құлынмен жарыса өскен, асық атып ат құлағында ойнайтын қазақтың қара баласымын. Ер жігітке тән қасиеттің барлығын осы ауылымнан алдым десем артық болмас. Ұшқан құстың қанаты талатын ұлан байтақ жерімнің әр бір тасы мен үшін қымбат. Ауыл дегенің болмаса қаладан еш айырмашылығы жоқ ауыз су, көше жарығы, доп ойнайтын алаң, мешіт, мәдениет үйі, 11 жылдық білім ордасы т.б. да жағдай жасалған. Ауыл деген жұмақ дерсің балалық шағың қалай өткенінде байқамай қаласың, сары майды нанға жағып апаңның айранын жұта салып, доп ойнап тебісіп, атқа мініп, кеш құрым малдың алдынан шығып шаңмен жарысып ата — анаңа қолғабыс бола жүріп әр сәтіңді қызықпен өткізетін ауыл мен үшін жұмақ мекен. Ауыл міне осындай. Адамдары бауырмал, бір — біріне көмекке дайын тұрады. Қандай істі бастасаң да ауылдың адамдары жабылып, көмектесіп жібереді. Ақын Қ.Мырзалиев атамыздың «Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру» өлеңі дәл ауыл адамдарына арналғандай. Жалғыз атын сойып, шапан жауып жіберуі де ауыл адамдарына тән. Осындай ауылда туып, өсіп жатқаныма қуанамын. Қорытындылай келе, ауыл — тағылымы тәлім-тәрбиенің ордасы. Қазақы қасиеттер ауылдан бастау алады. Міне, сондықтан да ауыл қамқорлықтан, көмектен кенде қалмауы керек. Қолдан келсе ауылды көркейтіп гүлдендірейік. «Гүлденсе ауыл — гүлденеміз бәріміз» дейтін Бейімбет сөзі әлі де мән — мағынасын жойған жоқ. Ауыл ажарланса — қазақтың да маңдайы жарқырағаны….
Нұржан СОВЕТХАН.
Жаңалық ауылы.