Жақында бір жыл бойы дайындалған ілияс атамыздың 125 жылдық тойын республика көлемінде атап өттік. Аудан орталығында басталған ұлы той облыс орталығында жалғасын тапты.

Міне, енді ақынның туған ауылында тойдың қорытындысын тойладық. Ойтоған ауылы — тарихы терең, сәні мен салтанаты жарасқан ауыл. Ырыс — ынтымағы, береке — бірлігі жарасқан елді мекенде кіндік қаны тамған ілияс атамыздың 125жылдық мерейтойы кеңінен аталып көпшіліктің қатысуымен әсерлі өтті.

Алқақотан ақшаңқан киіз үйлер тігіліпті. Көптен мұндай дүбірлі той-томалақты көздері көрмеген ауыл тұрғындары бір жыл бойы дайындалып, асыға күткен ұлы тойдың қорытындысын көргенге мәз. Той болады дегенде делебесі қозатын қазақ емеспіз бе. Еңкейген қарттан, еңбектеген балаға дейін той алаңына жиналып, жағалары жайлауда жүр. Алдымен ауыл ортасына ауданнан әкеліп қойылған ақын атамыздың ескерткішінің ашылу салтанаты болып, аудан әкімі есім базарханов, аудандық мәслихат хатшысы бейбіт сүлейменов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы амантай айтбаев, ауданымыздың абызы нұрбек қасымбеков ескерткіштің лентасын қиып, жиналған көпшілік гүл шоқтарын қойды. Келесі кезекте ауылдан шыққан азамат ахат дүмше байұлының ауыл балаларына арнап салдырған шағын футбол алаңының да тұсауы кесіліп, балалар алаң ішінде ойынға кірісті. Алғашқы құттықтау сөзді аудан әкімі базарханов есім сейілханұлы алып, ауыл тұрғындары мен келген қонақтарды ілияс атамыздың тойының қорытындысымен құттықтады. «молықбай» атындағы мәдениет үйі мен ауыл өнерпаздарының күшімен әннен шашу шашылды.

Асқақтаған ән, күмбірлеген күй, мың бұралған биді тамашалаған көпшілік мерекелік концерттен кейін арнайы тігілген киіз үйлерде берілетін асқа шақырылды. Киіз үйдің ішінде таңдайы тіл үйіретін бал қымыз сабада пісіліп, ағаш аяқта сапырылып, астау-астау үйеме ас тартылды. Ауылдың үлкендері ауыл тарихы мен осы жерде түлеп, түтін түтеткен еңбекқор жандардың ғұмыр деректері жайлы, ілияс атамыздың өмір тарихы туралы білген ақпараттарымен бөлісті. Қол күресі, арқан тартыс, бұқа тартыс сияқты спорттық ойындар ойнатылып, соңында алаң сыртында арнайы сызылған шеңберге салым салып, көкпар тартылды.

Ойындардың барлығына тойдың шашбауын көтеріп, қаржылай көмек қолын созып ауыл азаматтары, әсіресе үлкендер жағы демеушілік көрсетіпті.

Көкпар, көкпар! -дегені сол еді, ортада тұрған мұқтарам ағайынның барлығы ойын алаңына жақындады. Алуан –алуан жүйріктер мінген шабандоз көкпаршылар қомақты сыйақы тігілген алғашқы салымды салу үшін додаға түсті.

Қысқа қайырғанда ойтоған ауылындағы атамыздың жүз жиырма бес жылдық тойы көпшіліктің көңілінен шығып ойдағыдай әсерлі өтті деп ауыз толтыра айтып, өскелең ұрпағымызға насихаттап жеткізетіндей болды.
Әскен АРҒЫНҰЛЫ.