(Деректі хикаят)
«Тайкөт ақын тірі жүргенде төбемізге көтеріп, төрімізге отырғызатын едік қой, шіркін!»
Ілияс Жансүгіров.
— Әкең Ағанас орақ тілді, тауып сөйлер, білгір еді. Талайдың озбырлығын өтімді сөзімен тоқтатты. Небір үздіктен сөз оздырды. Жұртына кемел атанған жүйрік болды. Тірі пендеге зәбірі тимеген жан. Оның алданышы, қарғасы, қарашығы, қуаты, қуанышы өзің едің. «Тәңір жеткізер» деп жұбаныш қылатын.
— Түрің аққұбаша, өмірге құштар жан анаң Кәусарға тартқанымен, сөз саптасың аумаған әкең, — деп әкем мен анамды білгендер көңілімді өсіре марқайтатын.
— Есімде қалғаны әкеме Арсалаң ақын мен Егеубай байдың келгені, — деп Тайкөт екі көзін қолдарымен көлегейлеп, күн нұрына қадады. Күннің мейірімді, шуақты екенін бұрын көрсеші. Мына күн тап бұрынғы өз үйі- құтындай. Жып-жылы, жап-жарық! «Е-ех» деп күрсініп, сол бақытты сәтін есіне түсірді. Егеубай бай мен Арсалаң ақын өзара келісіп, бәс тікті.
— Уа, Арсалаң, әмсе, мені қажай бергенше, замандасқа бір іс қыл. Безеген қу тіліңмен Ағанасты сөзбен жеңіп тоқтатсаң, мен астымдағы жорға атымды, үстімдегі оқалы тонымды шешіп берер едім, — деді Егеубай бай қызықтыра.
— Несіне, сұр жыландай қадала қалдың? Өзіңде мін жоқтай? Жұртқа даңқыңды шығармақсың ба? – деді Арсалаң ақын Егеубайға аңтарыла. Ол дереу басыла қалды. Басындағы бөркін сол қолымен шешті. Оң қолымен басын бір сипады. Бір көзін қыса, бөркін басына қайта киіп:
— Онда не тұрыс? Туып, ес білгелі сенің төмен болған жерің жоқ. Аттың басын сол үйге бұралық, – деді үзеңгіні тебініп.
***
Есіктен сәлем бере Егеубай мен Арсалаң кірді. Ағанас мамық жастық, қалың төсекте бес жасар баласын кеудесіне мінгізіп, ойнатып жатқан. Келген екеуді күнде көріп жүрген соң, онша мән бермеді. Қазақы дәстүрмен төс қағыстырып амандаспай, сәлемге жай ишарат жасады.
— Жайғасыңдар!-деп, төрде жайылған көрпеге көзімен нұсқады. Екеуі төрдегі көрпеге орналасқан соң, Арсалаң ақын:
— Сізден жақсы сөз, әңгіме естуге келдік. Бізді кеудеңдегі балаң құрлы көрмедің, – деді сыпайы наз айтып. Мамық жастықтан басын көтерген Ағанас:
— Кешіңіздер. Баланың қызығына алданып қалыппын. «Бала — көз қуанышың» деген емес пе? – дегенде, Арсалаң ақын дереу:
— Олай емес! Бала — адамның жаны! Ата мен ана қамқоры! — Балаңды біреу өлтірем десе, жаныңды қиясың, – деді дегбірсізденіп.
Байсалды қалпынан таймаған Ағанас:
— Ши жуандап қамыс болмас! Жақсы жаманмен таныс болмас! Шын жүйрікке көз көрген жер алыс болмас, – деді дауысын жуандатып. Сабасына түскен әрі айтылған сөзге зер салған Арсалаң ақын:
— Оныңыз рас. Жақсы кісі жаманды есеге алмайды! Ал, «шын жүйрікке көз көрген жер алыс болмайды» деген сөзіңіз артық. Алатауға көз жетеді. Шапқан ат келмейді, бәйге төбе болмаса! – деп, бір жөткірініп қалып, сөзін жалғамақ болғанында, Ағанас баласы Тайкөтті жайымен төсекке отырғызып:
— Аузыңа дуа қонған шын жүйрік сен екенсің. Сен жеңдің. Мен тоқтадым. «Жуас түйе жүндеуге жақсы» деген оймен, Ағанасты сөзден тоқтатқан жеңісің үшін, мына отырған Тайкөт баламның аузына үш түкіресің! Әйтпесе, «бір таяқ жемей басылмассың» дегендей, сөз жалғасын табады. Екеуің бір қулықпен келгендеріңді ішім сезеді, – деп сөзді айтқызбай бөлді. Арсалаң ақын «не қыламыз» дегендей, Егеубай байға қарады. Егеубай бай сәл басын изеп, «келіс» деген белгі берді.
— Замандас Ағанастың тілінің өткірлігі, озығы рас. Әттең, менің кедейлігім. Әйтпесе, менен Егеубай байдың ақылы артық па? Зейіні артық па? Артық болса, малы артық. Шіркін, дүние-ай, — деп ішінен тынған Арсалаң орнынан асықпай тұрып, төсектегі Тайкөт балаға жақын барды.
— Адам болып, ержеткеніңді! Т-фә! Т-фә! Келе ғой, айналайын. Әкең сөз саптар орақ тілді жан, осал болмассың. Абзал ақын бол, халқыңа жақын бол, ел-жерге асыл бол! – деп ырымдап, аузына үш түкірді. Бес жастағы Тайкөт шамырқанып тітіркенбей, Арсалаң ақынның жасағанын қабыл көрді
Егеубай бай орнынан қопаңдап тұрып, үстіндегі тонын Арсалаңның иығына жауып, қамшысын да қолына ұстатты.
— Ә, бәсе, ішкі қулықтарың ашылды ма? – деп Ағанас бет-жүзі жайнап, Тайкөт баласын құшырлана иіскеп, алдына алды.
Арсалаң ақынның айтқаны, үшкірген түкірігі адал болды. Тайкөт алты жасынан ыңылдап ән салды. Жеті жасында домбыраға құлаш ұрды. Өлең десе делебесі қозды. Шабыттанса аузына өлең шумақтары құйыла кететін күйге түсті.
— Әкем, неткен сезімтал, білгір еді! – деп Тайкөттің екі көзінен жас парлап кетті.
* * *
— Жоқшылық өзегіңді кернетеді,
Адамды өлсе қойып жерлетеді.
Он жасымда әкем мен шешем өліп,
Жетімдік көзден жасты селдетеді.
— Е-ех! Анам – қамқор, жай-күйімнің панасы, әкем – тірек, екі көздің қарасы. Арманда кеткен екен-ау, дүниеден, жетім қалып артындағы баласы, — деп Тайкөт анасы мен әкесін сағына есіне алды да бір уақ ойнауға келетін балаларды іздеп, жан-жаққа алаңдай қарады. Қарны шұрылдап қоя берді. Жасы бар-жоғы он екіде ғана. Еш нәрсенің сиқы оралмай, сорлағаны рас. Осы мезетте маңайдағы отау үйден жас баланың шырқырай жылағаны құлағына шалынды.
— Ә-ә, бұл Нұрсәлім байдың жалғызының жылаған дауысы ғой? – деп оның ерке, шолжаң баласы екенін ұқты. Құлағын отау үйге қарай түре түсті.
– Анық сол үйден. Баласы жылағанын қояр емес. Не болды екен? Нұрсәлім бай өзгелердей емес, қайырымды жан. Баласын ойнатып, ең болмаса талғажу болар бірдеме жеп қайтайын, – деп түйді Тайкөт. Нұрсәлім байдың әйелі үйінде жоқ боп шықты. Бала анасын іздеп, шамданып жылапты. Тайкөт үйге кіре сала баланы уатуға кірісті.
— Әлду-әлду, балақай! Шешең келеді алақай! Шырла-шырла, торғайым! Қарның ашты-ау, ботайым! Мә, ірімшік, құрт, майың. Қоя ғой енді, қарағым!.. Қара қойым қашады… Құмалағын шашады. Жей ғой міне, қаймағың. Ашқан қарның тояды… Жылағанын бала қояды!.. Әлі-ақ шешең келеді!.. Ең дәмдіні береді, — деп жұбатып, алдандырды. Нұрсәлім бай аң-таң. Жадыраған баласы Тайкөтпен ойынға кірісті.
– Ү-үй, жан балам! Соншама шырылдап, көк аспанды түсіре ме деп едім? — «Бала баққанша доңыз бақ» деп, қазақ бекер айтпаған-ау? Баланың тілін табу қандай қиын, алдай білсең болды екен-ау? – деді Нұрсәлім бай бей-жай болып.
— Олай болса мен бала болып жылайын. Сіз менің тілімді тауып жұбатып, алдай қойыңыз. Бірақ, келісейік? Сіз мен жылағанда тілімді тауып жұбатасыз. Ашуға басу, ұрып-соғу, зеку, озбырлық болмасын. Ал егер алдап, жұбата алмасаңыз, өтеуіне азық, дәм бересіз? Мен жеңілсем ұдайы келіп, балаңызды ойнатып тұрамын. Уәде ме ..? – деді Тайкөт Нұрсәлім байға қарап, дауысын жайдары шығарып.
— Беу, жарқыным! Ал, келістік, уәде, – деген бай оған жаны аши қарады. Тайкөт дереу жер тепкілеп, жас балаша шыңғырып, жылап қоя берді. Нұрсәлім байдың шолжаң баласы «бұған не болды» деп одырая қарап, қабағын түкситіп, аузын бұртитып, түсінбей әлек.
— Қарағым, не дейсің, ашып айтшы? – деді Нұрсәлім бай Тайкөтке жалынып.
— Сүт бер, сүт! – деп жылады Тайкөт. Нұрсәлім бай сүт әкеп ұсынса, оны бір жұтып, ыдысын қолымен итеріп тастап, одан әрі өксіді.
— Сұрағаныңды әкелдім ғой. Не қыл дейсің, құлыным-ау? – деді бай жан ұшыра.
— Айран әкел, ай-р-а-н, — деп жылады Тайкөт. Айран да қолма-қол әкелінді.
Тайкөт тоқтамай, өкіріп жылай берді.
— Енді не қыл дейсің? Сүт те, айран да әкелдім ғой, — деді бай.
— Екеуін қос, араластыр, — деп Тайкөт көз жасына булықты. Айран мен сүтті қасықпен араластырып, қайта ұсынды. Тайкөт жылауын үдете түсті. Осы кезде байдың баласы да қосыла жылады. Дегбірі қашқан Нұрсәлім бай:
— Қарағым-ау, айтқаныңның бәрін істедім ғой? Енді не қыл дейсің? – деді шыдамы таусыла. Өксіп боздаған Тайкөт:
— Енді сүт пен айранды қайтадан екі айыр, — деп жер тепкілеп жылап, жерге етбетімен жата кетті. Бай не істерін білмей, екі бетінің оты шығып, құлағына дейін қызарды.
— Ә, баланың тілін алдап табу оңай ма екен, байеке? – деді Тайкөт қалпына кеп.
— Ту-уф!.. Болды, болды! Жетті! Сен жеңдің! Орныңнан тұр! Жұбат ана баланы!.. – деді жеңілгенін мойындаған Нұрсәлім бай келіскен уәдесінде тұрып, Тайкөтті барынша тамаққа тойдырып, қайтарында дорбасын дәмге толтырып берді.
* * *
Жетімдік ерте есейтті. Өлеңнің де пайдасы тиді. Тайкөттің есіне көрші Өтебай ауылындағы Науқан байдан тары сұрап алғаны түсті. Елеңсіз аңдып жүріп, байдың көңілді екенін байқаған Тайкөт қасына жақын барып:
— Батыр жауға болғанда, шешен дауға,
Батыл жігіт салады елге сауға.
Тайкөт балаң жаныңа келіп қалды,
Кәні, аға, жарашы астық бауға! – деді.
Науқан бай өзін қолы ашық, қайырлы жан қып көрсеткісі келіп:
— Әй, бала, шама-шарқың жеткенінше өзің баулап ала ғой, – деп шүленсіді. Риза болған Тайкөт:
— Бәрекелді, байеке, ұзақ жаса, көп рахмет! – деп алғысын жаудырды. Сол жылы қыстан Тайкөт Науқан байдың берген тарысын қорек етіп шықты.
* * *
— Сүйеу болар, жанашыр тапсам ғой, шіркін? Есер емес, есім бар. Ойланам. Табамын. Мен ардан безбейтін, намыстан қашпайтын, ерлікке бастайтын адам болғым келеді. Елдің шырқын бұзбайтын, сөзім тыңдаусыз қалмайтын, ешкімге күнін салмайтын жан болуым керек. Өмірден түңілетін көкірегім соқыр емес қой? Ұядан жалғыз болғаныммен – ақылым бар. Аусар емеспін. Қиянды дауды шешпесіме кім кепіл? Еліме өзімді көрсетемін, әлі! – деді ішінен Тайкөт армандап. Ой шолып зерелей:
— Қайыр сұрап жүргенім жарамайды. Ауылдан кетемін. «Жақсыда жаттық жоқ» деген, жақсы, жақсы… Кім?.. Е-е…
Болды-ы. Таптым, таптым! Қуана жүзі нұрланды.
— Көкке шықсам аяғымнан, жерге кірсем төбемнен тартып алатын аталас туысым бар екен-ау? Мұжық биге барамын. Ол – қайырсыз, қаны суық жан емес. Ел тірегі, беделді. Ақжүрек. Ерлік пен шешендікті қатар ұстаған кемеңгер. Адамгершіліктен құр емес. Мені сыртқа теппейді. Барып қойын бағамын. Еңбек етемін, — деген мақсат көкейіне ұялады.
— Иә, денсаулық – бірінші байлық. Ендеше, адам қырық жасқа келгенше бай емес пе? Ал мен … он екі-ақ жастамын. Күш-қуатым бойымда. Өмірдің бар қызығы, шуағы алдыда емес пе? Тағдырға, басқа түскен ауыртпалыққа қажыма, мойыма… деп өзін-өзі жігерлендірді.
Мұжық биге Тайкөт бірден ұнады. Жылы қарсы алды. Өскен шашын алдыртты. Жаңа көйлек пен шалбар тіктіртіп бергізді. Жамалған, ескірген киімдерін тастатты. «Еңбек қылсаң емерсің» дегендей, би Тайкөттің «қой бағамын» дегенін мақұл көрді.
* * *
Бексұлтан төреге қоңсы қонып, жанама көшіп араласқан Жаңбыршының жеті ұлы бар еді. Олар Бексұлтан төренің жүгін артып, малын айдасып, көмек қылып жүретін. Жеті ұлының арқасында Жаңбыршының өрісі кеңейді. Бір ұлы шебер болып, ағаштан түйін түйді. Қыз баласы қолөнерге әуес, пысық болды. Бексұлтан төре сасық ырыс, қытымырлы өмір кешті. Оған билік пен байлықтан кесел бітті. Қатал, қатаң мінез шығарды. Үш ұлдың ортасындағы жалғыз қызы Бәтима ғана елге мырзалығымен әйгіленді. Жаңбыршының шебер ұлы қайыңнан ожау, қасықтарға өрнек ойып, қызы құндыз бөрікке үкі тағып, Бәтимаға келді.
— Ханшайым, «сыйлассаң сый көрерсің» демекші, сізге тарту-таралғы әкелдім. Ұнаса, қалауым бар еді? – деп қыз ізетпен сәлем берді. Әкелгендерін қысылмай ұсынды. Қыздың инабатты ізетіне Бәтима да сыпайы иек қақты. Әкелгендерін жылы жүзбен қабыл алды.
— Қандай ғажап! Әдемі! Неткен үйлесім! Көз тұңдырады ғой! – деді үкі тағылған құндыз бөрікті қолына алып. Басына киіп көріп еді, құйып қойғандай екен.
— Ажарымды ашып тұр ма? Айнам қайда екен? Ә … , – деп, абдырадан айнасын алып, көркіне көз салды. Екі беті албырап, жүзі жайнап сала берді.
— Пай, пай! Қолыңа дерт бермесін! Тіпті, тігісі білінбейді, – деді бөріктің кұндызын аялай сипап.
— Игілігіңізге киіп, жаратыңыз! Түріңізге сай келді! Ибалы жанға әсем киім жарасты! – деді қыз қызыға қарап.
— Ал, «алмақтың да салмағы бар» деген, қалауыңды айт? Берген перде бұзады, – деді Бәтима қызға бұрылып.
— Ой…. Жай, әншейін, үй-іштің қамы. Аға-іні, ата-ана дегендей «жаманға – сату, жақсыға – тарту», — деді қыз күмілжіп.
— Қымсынба, ашып, ашық айт! Қолымнан келсе аянбаймын. Мынандай баға жетпес өнерге тілегіңді орындауға бармын. Тек тосылма.
— Мына ойып жасалған өрнек сапты қасықтар мен ожау қандай керемет! «Әйелдің асы болсын» дегендей, енді қазанға қақпақ болса ғой? – деп, Бәтима ханшайым ожау, қасықтарды қолына қызыға ұстап көріп, ыдыс-аяқ қоятын сәкіге жайғастырды.
— Айналайын, ханшайым! Біздер кедей, жарлы адамбыз. «Жарлы малдан дәмелі» деген ғой. Былтыр үйдегілер соғым соя алмады. Бір сойыс, соғым берсеңіз? – деді қыз ұяңқы үнмен.
«Жарлы кісі жалтаң келер» деген осы екен-ау?.. Жоқ дегеннен иман кетер. Қой сұрағанын орындайын, — дегенді ішінен түйген, ханшайым кідіріңкіреп барып:
— Әкемнің жылқылары отарға кеткен мезгіл. Мм-м … . Бір қағаз жазып беремін, сойысты сонымен аласың, – деп қарындаш пен қағаз тауып әкеп, жазу жазды.
— Мә, ала ғой! Қай уақытта барсаң да береді. Қағазды жоғалтып алма, – деп ескертіп, жазған қағазды қызға ұсынды.
— Рахмет, ханшайым! Еңбегімізді жақсы бағалап, тілегімді қабыл көрдіңіз. Еш жамандық басыңызға бермесің, – деп қыз қағазды алып, ханшайымға ізет етіп, үйден шықты. Жүгіре басып өз үйіне жетті.
— Қайыңнан жасалған ожау, қасықтар ханшайымға ұнады. Нағыз шебер екен деп мақтады. Қазанға қақпақ жасаса деп өтінді. Қалауымызды қабыл қылды. Міне, қағаз! – деп, қыз ағасына көңілді күйде қағазды ұсынды.
— Не жазылған? Не берді? Қуанышыңда шек жоқ қой. Айтсаңшы енді бүкпей? – деді ағасы жалынышты.
— Уа-ай, бір соғым алдық! Қай уақытта алсаң да өзің біл деді. Тек кешіктіре көрме. Беріп тұрғанда алу керек, – деп қыз ағасын қузады.
* * *
Ен жайлау. Жұпар самал аңқып тұр. Жылқы баққан балалар шүйіркелесіп әңгімені есуде.
— Әй, осы Бексұлтан төре ана екі ала бедеуді не үшін ұстайды? Қара көбейткеннен басқа пайдасы не? Төл бермейді. Қу қара бастарын не қылмақ? Өздерінің семізін-ай? Сойса ақтарылып түсер еді? Қазысы «табан» болады, — деді баланың бірі тамсанып.
— Өй, сен өзің түк түсінбейтін жанбысың? Ол екі ала бедеуді Бексұлтан төре көзінің қарашығындай көреді. Ұзақ жол сапарына, жұрттан көшкенде, аттары оны көтере алмай болдырғанда мінеді, — деді екінші бала.
— Шыдамдығы тура Бексұлтан төре есігіндегі төзімді қара Бекбердідей, — деп үшінші бала ду күлдірді. Осы күлкі үстіне «бағар көбейсін» деп қыздың ағасы да жетті.
— Жылқышылардың басшысы кім? Үлкендер қайда? – деп, келген бұйымтайын айтып, қағазды көрсетті.
— Үлкендер түнде шығады. Күндіз орнында бізбіз! — деді жылқы баққан балалар жамырай жауап қатып. Ішіндегі ересектеуі:
— Е, мырзалық ісімен әйгілі Бәтима ханшайым бір сойыс мал сұратса? Онда, әне жылқы! Өзің бар да, біреуін таңдап, ұстап ал, – деп емеурін білдіріп, қағазды алып қалды. Қыз ағасына мамырлап тұрған ала биенің бірі көзіне шалынды. Шалманы еппен тастап, бұғаулап еді, жануар тыныштала қалды. Жетегіне ертіп, «шу» деп еді, жануар көнбіс екен. Бүлкіл жүріспен үйіне оралды.
* * *
Көктем шыға жылқышылар жылқыларды айдап, Бексұлтан төре ауылына келді. Жылқыларын көктемде бір көретін еді. Күз күзеуге, көктемде көктеуге, жаз жайлауға көшсе немесе қоныс аударса Бексұлтан төре үш жылқы ұстатып мінетін. Қараса ала биесінің біреуі жоқ.
— Менің ала биемнің бірі қайда? – деп, бас жылқышыға ақырды.
— Қызыңыз ханшайым Бәтима сойыс берсін деген соң, Жаңбыршының ұлы келіп алды! Қағазы міне, – деп бас жылқышы аяғын қорқа басып, қағазды Бексұлтан төренің қолына ұстатты.
— Үп, найсап! Мені алдап ұрған екен ғой? Бар, жігіттерді жинап, Жаңбыршының жеті үйін осында әйел-еркек, бала-шаға, қыз-жігіт, шал-кемпір, тайлы-таяғымен айдап әкеліңдер! – деп назаланды төре. Айтқаны орындалды. Жеті үйлі Жаңбыршыны Бексұлтан төренің сойыл соғар жігіттері айдап әкеп, алдына жықты.
— Менің ала биемді алғандарың үшін! «Сойыс» деп соғымға жегендерін үшін! Көрінбей шаққан бүрге болғандарың үшін, жазалаймын! Ажалдарың Құдайдан. Киім, тамақ менен. Жеті жыл еріксіз еңбек етесіңдер. Жеті жыл бодан боласыңдар. Ерің құл, әйелдерің күң болады! Қызметті тек менің әулетіме қыласыңдар! – деп өзеуреді. Жеті үйлі Жаңбыршының жалынғандарына ден қойып тыңдамады. Айтқанын жасатты.
Елдің игі жақсылары Бексұлтан төренің алдына үш рет келіп:
— Ортада татулықтың туы тұрсын. Азаматты қорлама? Бала-шағаны мазақ қылма? Әйелдерді азаптама? Шал-кемпірді ойбайлатпа? — деп сұрады. Төре райынан қайтпады. Ел жақсылары жиналып, намысқа басып, жеті үйлі Жаңбыршыны құтқаруды ойласты. Кеңесе келе:
— Ер Тоқпанбеттің ұрпағы, «қазақтың қара тілі» атанған, Мұжық би деген бар. Бексұлтан төреден ол именбейді. Бір құтқарса, сол құтқарар! — десіп, ортасынан «осылар ылайық» деген үш адамды бөліп шығарып, Мұжық биге аттандырады.
* * *
Тайкөт күн шықпай қой өргізді. Қоймен бірге көк төбетте мініс аттың артынан ілесті. Жайма шуақ күн. Манаурап бөрлі құмдары сағымданады. Қара матау, изен, жусан иісі мұрынды жарады. Таза ауа. Бүгін қой отарын күнделікті бағар жерінен алыстатып әкетті. Қойлар тарамданып, мамыражай жайылуда. Кенет, бұта-бұтаның арасынан көздері оттай жанып, бес-алты бөрі шыға келді. Бір демде бір қойдың қарнын ақтарып үлгерді. Он үш жасар Тайкөт ұзын шылбырлап, отықтырып отырған атының артқы айылын тартпастан еріне мінді. Бөрілер тағы бір қойдың тірсегін қиып, жерге топалаң асырды. Көк ит ырылдағаннан басқа, түк бітірмеді. «Иттің иесі болса да, киесі жоқ» деген рас шықты. Дүрліккен қойлар ойпаңға тоғысты. Тайкөт құрығын шошаңдатып, даңғырлағын даңғырлатып, «аттанға» салды. Бөрі тағылар негізгі ісімізді істедік дегендей, қырды асып, зым-зия жоқ болды. Бөрі тағысының тәңірі жеңді.
Тайкөт аттан әрең түсті. Жерге басын екі қолымен ұстап, отыра кетті. Үрейленген ол есін жинап, сабасына түсіп, өзіне-өзі келді. Маңайдағы қой баққан балалардың қарасы көрінді. «Тұ-ұқ» дегеннен басқа, олардан көмек кеш қалды. Қарны ақтарылған қойды көмекке келген қойшы балалардың бірі «бекер қиналмасын» деп, бауыздап тастады. Қасқыр тірсегін тартқан қойды Тайкөт келгендер көмегімен ер алдына өңгеріп алды. Ауылға қарай отарын айдап, бет алды.
* * *
Түс ауған мезет, күн шуағын төгіп тұр. Үш адам екі аралыққа алты күн ат сабылтып, бөрлі құмдар шағылы ішінен Мұжық бидің ауылын әрең тапты. Аттарынан түсіп, отауға кіріп жайғасып, сусындады. Мұжық биге жайды түсіндіріп, аяқтаған тұста, сырттан атпен біреудің үйге тақау кеп тоқтағаны білінді.
— Қой бағып, еңбекақы табам десем, сұм тағдыр жазбаған-ау несібіме? – деп Тайкөт дүңк еткізіп, ерінің алдындағы қойды есіктің алдына таяу тастай салды. Қойдың маңыраған үні шығып, тыпырлап жата қалды.
— Қойымның жайылғаны қара матау,
Шапқан қасқыр қойыма бесеу-алтау.
Өзіңнен аз ит-құсқа жем боласың,
Момын қып жаратқан Шопан ата-ау? – деп, Тайкөт атын тебініп, кетпек болды.
— Әй, Тоқта! Балпаңдап бай баласы ер жетеді! Кедейді қырсық шалса кері кетеді! Аузыңа дуа қонған ба? Шын жүйрік, тапқыр ақынсың ба? – деп Мұжық би сыртқа қазақ үйден атып шықты.
— Қой бағып, құрғыр болғанша, тапқыр тіл таспамен қасқыр ұрғыр болсамшы? Асықтың алшысымын! Өзім қатар баланың шаршысымын! Ақынмын! Ой серігім — ән! Жан серігім — өлең! — деді Тайкөт Мұжық бидің мысынан бұқпай, жауап қатып.
— Ондай болса, қойларыңды ересек Айдарлы балаға өткізіп бер де, дереу үйге кел! Қасқыр тартқан шығын жаңағы айтқан өлеңіңнің өтемі болсын! – деді Мұжық би сөзін аяқтап.
— Құп! – деді Тайкөт қуана. Дереу атына қамшы басып, Айдарлының үйіне қарай секектей жөнелді.
* * *
Қазақ үй тола кісі. Төрге орныққан үш қонақ есіктен кірген Тайкөтке ожырая қарасты.
— Ассаулау-маға-лейкум ажарлы үлкендер! Армысыздар, ат арылтып жеткен қонақтар! «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады, құтсыз қонақ келсе, қойға қасқыр шабады» деген, – деді Тайкөт оң қолын жүрек тұсына басып. Жан-жақтан:
— Бар бол, балам! – деген үндер жамырады. Қонақтың бірі:
— Бұл қай бала? Сәлемі, ниеті түзік, жарқын көрінеді. Мысқылы өнменіңнен өтеді екен, — деді Тайкөттің келтірген мысалын жақтыртпай.
— Тастемір тарабынан. Маған аталас. Есімі Тайкөт, – деді Мұжық би қонақтарға қысқалап таныс қылып. Қонақтар «е» десіп, бас изесті.
— Қасқыр тартқан қойды есік алдына әкеп лақтырған осы бала. Өзі ақын. Орақ тілді, от ауызды, — деді би, Тайкөттің бет-жүзіне күлімдей қарап.
— Е, би «кел» дегенге, уәдемен келген бала екен ғой? – деді екінші қонақ басқаларына.
— Жоқ! Намыс отын жаққан, бидің қойын баққан баламын, – деді Тайкөт тұрған орнынан тақ етіп.
— Жөн, жөн! – десті отырғандар сөзге келместен. Мұжық би көзінің астымен қонақтарды бір шола байқап:
— Балам, қасыма кел, жайғас, – деп ишарат қылды. Тайкөт бидің қасына кеп, орын алды.
— Сіздер келген бұйымтаймен, төрені қаһарынан қайтаруға осы бала барады. Ер бала он екі жасында балиғатқа жетеді. Он үш жаста есті бала ел құтқарады. Тайкөт он үш жаста. Еріксіз құлдық жылдан асты дейсіздер. Мүсіркеу түбі – азап. Азаптың түбі – тозақ! Көп уақыт өткен екен…. Кеудесін тік ұстап, екі тізесін саусақтарымен саумалдап, қабағын жиыра:
— Иә, «асыл – тастан, ақыл – жастан» демекші, туысыңды осы бала сұрап алады, — деді Мұжық би тағы қайталап. Қонақтар іштерінен қапаланды. Ойларына келгенді сыртқа шығаруға, «айнып қалар» деп айтуға батпай отырғандарында, би:
— Уа, оның несі сөкет? Атасы тұрып ұл сөйлесе, ұлдың ер жеткені. Өсетін баланы қақпайлап бетінен қақса, заманның кері кеткені емес пе? Сөз мәнісін білмес олақ демеңдер. «Инеліктен – сона қашпақ» деген мысалға қойып, уәж айтпаңдар! Бексұлтан төре – алғыр бүркіт, мұзды балақ екенін түсінемін. Тайкөт бала – жас қыран! Кішірейе отырып, күштімен тайталасқа осы бала түседі. Бексұлтан төре баламен жұлысып, тауық болмас! Мезгілі жетті. Ілгері басатын жасты кейін қайтатын кәрі ғана қайтарады. Жоқ әлде, түріне қарап, «ақылы жоқ басқа адырайған көз бітеді» деп отырсындар ма?.. Жедел аттану керек… Қонақтар үнсіз қалды.
— Істі бұл бала оң тыңдыра алмаса?.. Теңдік үшін, намыс үшін! Ел үшін! Өзім барамын! Қапа болмаңдар! Тепсінген төрені осы бала тұқыртады, – деді Мұжық би шешімін түйіндеп. Келген қонақтар бір-біріне қарасып:
— Апыр-ай, біз шынымен тозған екенбіз. Таудай талапты бала озған екен, — десті Мұжық бидің айтқандарын мақұл көріп.
— Талабыңа ақылың серік болсын, жалғаншының шешімін тәрік қыл, қалқам! – деді Тайкөтке қонақтың жасы үлкені.
— Ғұмырың ұзақ болғай, қара жүректілерге тұзақ құрғай, — деп екінші қонақ қостады. Саябырлап барып үшінші қонақ:
— Жүзің жарқын, ашық болсын! Лебізіңе халқың ғашық болсын! – деді алғыстап.
— «Қонағыңның алтынын алма, алғысын ал» деген осы болды. Жастарға бата беріп, үлгі тәрбие көрсетуден артық ештеңе жоқ. Өмірдің мәні жастарда, — деген Мұжық би келген үш қонақты бал қымызбен аста-төк ас беріп күттірді. Үш күннен кейін қайтар жолға салды.
* * *
Тайкөтке Мұжық би:
— Жалғыз жүрсең кез келгеннің жемі боласың. Көп болсаң көзге ілігесің. Қасыңа күш-қуат, қолдау беретін екі-үш серік ертіп ал. Серіктерің теңдес құрбы, не жасы сенен төмен болсын. Үлкендерді қасыңа қосудың қажеті жоқ.
— Анау, Айжан ауылындағы достарың сөзге ұста, іске бекем, белді, батыл. Соларды қасыңа ертуге көндір! Өздері ащы мен тұщыны татқан, маған солар ылайық көрінді. Өзіңе жаулық жасамай, жолға мінетін аттарды Тілеуберді жылқышыға таңдатып, ұстатып ал. Тоқым, пұшпақ, ер, айылды оңдап, сайлатып сал. Ат қадірін біл. Жер қашықтығын жылқы айырады. Аттың жалын кетіріп алма. Дем алып, тынығар болсаң атыңды шідерлеп ұста. «Тұсаулы ат — бос ат» дегендей, атыңды еш тұсай көрме.
— Адамның басшысы – ақылы. Аздырмайтын ақылың жолдас болсын, – деді үлкен үміт артып.
Он үш жасар Тайкөтке жастары тетелес Нәдірқұл, Нәдірбай, жасы бір жас кіші Тиышбай үшеуі сенімді серік болып қосылды. Ақ жол тілеп, батасын беріп, «келген соң әркімге айрықша сыбаға бар» деген би, оларды ұзақ жолға салды. Ұзақ жолға шығар алдында Тайкөтті жеке шығарып Мұжық би:
— Бексұлтан төре хан тұқымы. Қазір аға сұлтан. Барлықпен арғы аталары да көптен хан, сұлтан болып келген. Шалықты жаратылған. Көзін қалың қабағы жапқан, қарасы өткір. Аз сөйлеп, көп тыңдайды. Ісін сөзінен байқа. Мақтап айт. Сонда жөн шығады. Алдымен жерін аралап көр. Жай-жапсарын біліп ал. Мал берсе алданба. Тек «жеті үйлі Жаңбыршыны» сұра! Оны бермесе, ізіңмен кері қайт! Құлық, нәпсіге ерік берсең, ер емессің! Жолай орынсыз уақыт өткізіп алма. Төренің төлеңгіті, малшысы бәрі қодаң келеді. Олардың көздеріне ілікпе. Ұстап береді. Төрені салғырт жатқанында бас! Осы айтқан ақылымды ұстан! Ұмытпа! – деді кеңес бере қайрап.
* * *
Алған істі орындамаққа аттанып, жолда төрт күн жүрген жас жолаушылар Лепсі өзенінен өтіп, Тентек тау дейтін жерге жетті. Тайкөт пен достары Бексұлтан төренің қонған жерін екі күн аралады. Сырттай жай-жапсарын бақылады. Бөтен жан отауға еркін кіре алмайтынын ұқты. Иә, көргендері көп, түйгендері де аз емес. Қиыншылықты, ауыртпалықты мойынымен көтеріп, ұлан-байтақ жерге ие болып қалған берекелі қазақ елі. Жер мен ел егіз екенін төрт бала зейінімен түсінді.
Бексұлтан төренің отауы Үшаралдың арғы жағындағы Қамысқаланы жайлаған. Кең қанатты ақ отаудың сыртқы салтанатының өзі көркем. Жиегіне әртүрлі әсем өрнек салынып, манатты ақ киізбен қапталған. Туырлығы көкпеңбек оюлармен көмкерілген, көк шарбы бұлтқа ұқсайды. Қызыл ағаштан жасалған есігі ұсақ өрнекпен оюланып, күміспен күптеліп, алтынмен апталған. Екі жаққа айқара ашылады. Қасындағы серік үш досы Бексұлтанның ордасына сауым жер жетпей, Тайкөттің атын алып қалды.
— Өлімнен ұят күшті. Намыс берме! Сөз егесіне түссең жауабыңды нық қайыр! Ақылмен айтқан сөз бар тамырды қуалайды. Орнықты сөйлеп, сабыр сақта! Қара тілмен қама! Ақырын күткенің жөн! Жүрексінбе! «Төрелінің тізі осал» деген, тізін сындыр! Нар тәуекел! Аттан! Тәңірім тарт аққа! – деп үш досы тілеу тілеп, қала берді.
Тайкөт желбегей сырт киімінің ішінен кішкене домбырасын қолтығына тығып, бауынан иығына асып алды. Бөгде жанға көрінбей, елеусіз ебін тауып, Бексұлтан төренің отауына кіріп барды. Төре ағаш кереуетте тынығып жатыр екен. Басқа ешкім жоқ. Ізет етіп, қолтығындағы домбырасын қолына алды. Төселген сырмақ үстіндегі көрпеге отыра қалды. Сайлап келген «Алдияр тақсыр, төрелер» әуенімен:
— Ассалаумағалейкум, «алдиярым»! – деп бастады. Бексұлтан төреден мал-жан, бала-шағасының ахуалын сұрай келе:
— Хан ием жаралып ең райдан боп, атаң сұңқар, анаңыз күн, айдан боп, — деді мақтап.
Үш жылқыны көшкеніңде ерттетіп ап, мінесің кезек-кезек әудем жерге. Жеті үйлі Жаңбыршының іргесі ауып, кереші сұрай келді төресінен, — деп келген талабын білдіріп, бір қайырғанында, Бексұлтан төре:
— Ой, мынау кіре сайраған, кімсің өзің? – деді қатқыл үнмен.
Ішінен «ашу – дұшпан, ақыл – дос» деп, Тайкөт көңілін сабасына түсіріп:
— Қазақтың «қара тілі» атанған Мұжық бидің інісімін. Дегдардың дәнегі алтын қылышымын, қойтұяқ қорытқандай күмісімін, — деп өзін таныс қылды. Бексұлтан төре қалың қабағын екі қолымен көтере ашты. Өткір, шағыр көзімен балаға қадала қарады. Сонда Тайкөт:
— Әлуетті жалғыз өзің, шолпан жұлдыз екі көзің, — деп өлеңмен орғанында, Бексұлтан төре:
— Үй-й-й, мынау қайтеді? Тек «жеті үйлі Жаңбыршыны» сұрама? Елу саулыққа қошқар, жеті іңгенге бура, сегіз байталға айғыр, сегіз сиырға бұқа салып беремін. Соны ал да қайт! – деді тіксініп.
— Алдияр! Тақсыр, кешіріңіз? Мал алмаймын! Келдім сұрап сауға Сізден? Бір биеге балаң берген ел күйзелтсең, барғанда қияметке «төрем» демен. Біреуге мал, біреуге жан қайғы. Мысық болып тышқанмен ойнамаңыз? Кеудедегі тәкаппарлықты жойыңыз! Арғы аталарыңа ұқсаңыз! Әкеңіз Ағадайдың әруағы қолдар білем! Жалған десеңіз байлап ал да, өлтір, — деп Тайкөт тына қалды.
Бексұлтан төрені ашу басты. Орнынан ышқына тұрып:
— Шық, ордамнан! – деді зекіп. Сол қолың соза, сұқ саусағымен сыртқа
Тайкөт отырған орнынан қармана тұрып, домбырасын оңдап алып:
— Жарайды, «шық» десеңіз, барамыз да, болашақты болжайтын «бекзат» едің! Әлі тақсыр, түсерсіз шараңызға?! – деді тамағын жұтына бір кенеп. Одан сөзін жалғап:
— Мал деген біздің елде жетед, тақсыр! Өтеуге мал басынан жылына бір жақсы мал парыз, зекет тақсыр! Алғаны Жаңбыршылар жақсы жылқың, сол үшін орай болып кетед, тақсыр! Келіп тұрған маған «кет» демей, жай осылай дей салсаңыз не етед, тақсыр? – деп, асықпай сыртқа бұрылды. Аяқтарын жай баса есікке беттеді. Табалдырықтан енді аттай бергенінде, артынан:
— Тоқта! – деген Бексұлтан төренің зілді дауысы шықты.
Тайкөттің миына: — Тағы не сұмдық? Не пәле туды? — деген сұрақ сап етті. Денесі дірілдеп барып, басылды. Бексұлтан төре оны сынға алды. Тайкөт Бексұлтан төренің айтқандарын орындап бақты. Төре жылдамдатып:
— Бері қара! – дегенінде, Тайкөттің маңдайы тайқы екенін көрді.
– Жаныңа қара! – дегенінде, Тайкөт бұрылғанында бөксесі бүрісіп кетті.
– Ары қара! – дегенінде, Тайкөттің өкшесі көтерілді.
— Маңдайың тайқы! Мал алмағаның дұрыс!
— Бөксең бүріс! Яғни, алдың тұйық!
— Өкшең көтерілді! Артың саяз болады! – деді Бексұлтан төре сынауын доғарып. Сәл жадырап:
— Ақыл адастырмайтын — жөн. Жөнді жөн демеген — тапырақтық! Ақылды аздыратын — ақымақтық! Мен сенің жөн сөзіңе тоқтадым! Танымай қаппын өзіңдей бала… әл-ді-ні, – деді сөзін соңына қарай созып.
— Әй, Сүлеймен! – деп үлкен ұлын шақырды. Ол дереу жетті.
— Жаңбыршы балаларының жыл жарым ақысын төлеп, қасығын да қалдырмай босат! Мұжық би жіберген екен, құрқылтайдай қақсатып … мынаны! – деп Бексұлтан төре Тайкөтке меңзеп, ұлына қатқыл үнмен бұйырды.
— Әй, бала, бара бер! Келген тілеуің орындалды! Сәлем де Мұжық бидей марқасқа, қазақтың қара тіліне! – деді Бексұлтан төре кетуіне рұқсат беріп. Тайкөт оң қолын жүрек тұсына ұстап, басын иіңкіреп, Бексұлтан төреге қоштық ізет жасады. Отаудан лып етіп сыртқа шықты. Таза ауамен терең тыныс алды. Екі аяғы жерге тимей, қалқып жүргендей әсерде. Көңілі шат. Қуаныш бойын кернеп барады. Ел-жұрт айтқанындай Ағанас әкесінің «тәңір жеткізер» дегені болды. Бексұлтан төренің айтқан бұйрығы дереу іске асырылды.
* * *
Тайкөт ер кеуделеніп, достарына тақады. «Осым рас па?» деп, домбырасын арқасына бұрып, көкке отыра кетті. Жылқы жануар да оқыранып кеп, «есен келдің бе?»,-дегендей басын иығына бір-екі рет үйкелеп жіберді.
— Жазықсыз жапа шегіп, бодан болған «жеті үйлі Жаңбыршыны» құлдық бұғаудан құтқардым! «Алдияр» тақсыр, төренің кінәсін мойнына қойып, тізерлеттім! Айыбын қоса тартты! Төре жаңбыршыларға жыл жарым өтем ақысын төлеп берді!
Достар, мен тапсырманы бұлжытпай орындадым! Бексұлтан төрені сөзбен шалдым. «Жеті үйлі Жаңбыршыны» тайлы таяғымен босатып алдым! – деді бет жүзі алаулап. Тағат таппай отырған үш досы орындарынан ата тұрып:
— Жарадың Тайкөт! Жаса Тайкөт! Ерден иман құтылмайды. Сен ерсің! Бексұлтан төреге әмір жасатқан, – деп оны бас сап құшақтап, жеңісімен құттықтады.
— Мә, қымызды сімір. Аптығыңды бас. Масайра. Тартысу оңай, келісу қиын. Жолымыз болды. Теңдік берді. Әділдік алды. Қадырың асты, Тайкөт! – деді Нәдірқұл досы шаттанып.
— Ел бүлінбеді. Елдестірдің. Ағайын арымады. Төре кінәсін арқалады. Түйіліп ұшар сұңқар, бүгіліп шабар тұлпарсың. Тағылымыңды ел ұғады. Әлі даңқың асады. «Басыңнан бақыт тайса, ұшар қазың» демекші, Бексұлтан төренің қазы ұшты, — деді Нәдірбай досы құшырланып.
— Тух, шіркін! Қойыңдар енді, таңданбай! Бәрі жақсы аяқталды! Бізді айдап келген бодан елдің көз жасы еді. Тайкөт достың кеудесі қамал бұзар сөзге толы. Түзуліктен таймай, бұзық істі бұзды! Обалы нешік? Талап Тайкөттен, әділдік иліккен төреден болды. Істеткен Мұжық би жасасын!
Ал, не отырыс? «Сабыр түбі сары алтын» деген, сабырды ту етейік! Сақтықты естен шығармайық! Олай болса, алға! Аттарға қонайық! Қобалжып Мұжық би күтіп жүрген болар? Жол да алыс. Жолымыз болсын! — деген Тиышбай торсықтың аузын жауып, қоржынға салды. Қоржынды ердің қанжығасына екі жағынан қайыс тарамыспен мықтап байлады. Жараулы аттардың ер-тұрман, айылын оңдады. Алдарына тартты. Төртеуі кең даланы дүбірлете, бірін-бірі көз қарастарымен түсініп, «ел, жер, ауыл қайдасың?» деп, жарыса шаба жөнелді.
* * *
Зымырап жылдар өтті. Тайкөттің «жеті үйлі Жаңбыршыны» құтқарған тағылымы кең таралды. Жеті үйлі жаңбыршылар дүйім жұртқа айналды. Тайкөттің жолымен Бақтыбай ақын адуынды Тезек төреге қаймықпай барып, өлең айтты. Тайкөттің «Алдияр тақсыр төрелер» өлеңінің әуезін Кемпірбай ақын Итжондыарқаға таратты. Тайкөт байлықты еншілемеді. Ел мен жерді аралап, қырық жасқа дейін сал-серілік ғұмыр кешті.
— Төрелер ақсүйектер зәузаты, арғы ататегі нұрдан жаралған ғой!.. Апыр-ай, Бексұлтан төренің сын сөзі-ай? Басында-ақ айтып едім, мені оңдырмады? — деп. Мұжық бидің: «Құты қашқан төренің өзі кім, сөзі кім? Өсе көресің тағдыр басқа салғанын», — деп басу айтқанымен тынып едім. Төренің сын жебесі тимей қалмады. Оған кейімеймін. Ар-ожданым таза. Халықтың тілегі, намысты қолдан бермедім. Өмір күн, түн, гүл, күл болады. Күн — күнімнің, гүл — күйімнің ескерткіші. Түн – тыныштық, күл – ырыстық.
— Тәуба, маңдайым тайқы, мал бітпегенімен, «алдың саяз, тұйық» дегені бекер. Кіндігімнен қызым бар. Ендеше, алдым — өріс. «Ақын» деп ел құрметке бөлейді, қадірім бар, — деген оймен Тайкөт төсегінде дөңбекшіп жатты.
— Тұр, отағасы, тұр! Ат терлетіп «аталап» жиенің келді! Қарсы ал, — деді әйелі құрақ ұша қуанып.
— О, жарқыным, ай-күнім менің, аспанды нұрландырған. — Әдемі! Т-фәй, т-фәй! Әдемі! Тіл-көзім тасқа! Ес болып, ержеткенін қара, пах-пах, шіркін! Нағашы атасынан қырық серкешін санап алар шамаға жеткен түрін, пай-пай! – деп Тайкөт есіктен кірген алты жасар Қуатты көтеріп, құшырлана маңдайынан сүйді, мейірленді.
— Ата, қырық серкеш деген не? – деді Қуат нағашы атасына күлімдеп.
— Міне тарпандық! Арқалы ақын болады! Батылдыққа меңзеді! Арсыздыққа бармағаныңмен де … . Өмірден өз есе, сыбағаңды алу үшін батыл болуың қажет!
Бірақ, арсыз болмай атақ та жоқ. Ха, ха, – деп Тайкөт қарқылдап күлді де: — Менің саған берер қырық серкешім мынау! Әкел, «аф» де, аш аузыңды! Көзді жұм! Кәні?.. Қуат аузын ашып, көзін жұмды.
— Қырық серкештің өтеуі, т-фә! Құдірет, өлең қондыр жиеніме, т-фә! Қабыл қыл тілеуімді, т-фә, т-фә! — деді Тайкөт, Қуаттың аузына үш түкіре ырым жасап. Үйдегілер мен үйге жиені келді деп жиналып қалған көрші-қолаңдар да:
— О, атаң ебің тапты! Жарады! – десіп жан-жақтан шулады. Құдіреттің күші сеп, Қуат ақын болды. Жамбыл Жабаев Қуаттың өлеңдерін жақсы бағалап, өзін қадыр тұтты.
— Тайкөттің жолын басқан ұрпағымын, өлең қонған бағыма кен де менмін, – деп Қуат нағашы атасы рухына сыйынып жүрді. Қуат Терібаев «Қазақстанның халық ақыны» деген атақты иеленген ақын. Мұхтар Әуезов Қуатты «тұйғын» ақын деп бағалады. Асылы өнегелі өнер дәріпі осы болса керек.
* * *
Асықтың алшысы Тайкөттің өнегесін ақын Сара мен Бекетбай Шөмшетайұлы ұстанды. Өнер қуып, жалғастырды.
Бекетбай Тайкөтті «жеті үйлі Жаңбыршыны» құтқаруға жұмсаған, Мұжық бидің немересі. Соқыр ақын. Жеті жасында Бекетбайдың шешектен екі көзі көрмей қалады. Жеті жасында «тасқын» ақын Толғанбай «күніңді өлеңмен көр» деген батасымен өлең дариды. Ол Абылай ханды айтады. Жетісудағы қалмақты Шоңай батырға көшіртеді. Кенесары ханның Жетісуға келгенін жыр қылады. Бұқар жырауды жырлайды. Жасыбай батырды жоқтайды. Асанқайғының толғауларын сөйлейді. Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің «Хал-ахуал», «Сарыарқа» кітаптарын жатқа айтады. Ақан серінің «Құлагер» әнін сыңсытады. Жанақты көрген. Шөжемен шайқасқан. Сыбан елінің он жеті ақынының алдында өлең айтқан. 1916 жылғы әскери жұмыстарға кісі алдырмау көтерілісінің байғыздай қақсаған агитаторы. 1930 жылғы «Бөрібай көтерілісін» жырлаған. Білмейтін сөзі жоқ. Дәріпті сұңғыла.
Тайкөттің бір атадан тарайтын қарындасы ақын Сара Тастанбекқызы. «Қыз тумас бір анадан қалқам сендей» деп Тайкөт Сараны дәріптеді. Сара бес жасынан ақылға дана болады. Ескі салт «ақ батаны» бұзады. Басына теңдік алады. Біржан салмен айтысады. «Біржан мен Сара» айтысы қисса болып таралады. Сараға он жасында өлең қонып, ел «ақын Сара» деп әлі атайды. Ақын Сара дауысының әсемдігімен ел ішінде он жеті жасынан «бұлбұл» деп аталады.
Тайкөттің өнеге тағылымы ұрпақтан ұрпаққа жетті. Ұмыт қалмады. Ілияс Жансүгіров: «Көзі тірісінде ескерткіш қояр ем», — деп бағалады. Жоқтап алар елі бар ақын мәңгі. Болашақ, сенім жастарда.
Жемісбек ТОЛЫМБЕКОВ.