Асуан Сиябеков, инженер: Біз әлемдік тәжірибеге сүйенеміз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында АЭС салу тақырыбына арнайы тоқталды.

Белгілі болғандай, 6 маусымда жалпыұлттық референдум арқылы АЭС керек пе, жоқ па деген сұраққа нүкте қойылатын болады. Осы орайда біз «Қазақстан атом электр станциялары» ЖШС-ның атом энергетикасы бөлімінің жетекші инженері Асуан Сиябековті әңгімеге тартқан едік.

– Сіздіңше, Қазақстанға атом эл­ектр стансасы керек пе?

– АЭС салу немесе салмау мәселесінде біз көп жағдайда әлемдік тәжірибеге сүйенеміз. Бүгінде әлем бойынша 31 елде 415 атом реактор бар. Басым көпшілігі дамыған елдерде, дамушы елдерде де бар. АҚШ-та, Францияда, Ресейде, Оңтүстік Кореяда, Қытайда соңғы жылдары АЭС-тің алға жылжуы қатты байқалады. Біз талдау, сараптау, зерттеу мақсатында дамушы елдердің, жаңадан АЭС-ын қолға алып жатқан елдердің портфельдерін қарасақ болады. Оның ішінде Түркиядағы «Аккую» АЭС-ын, Біріккен Араб Әмірлігіне Корей елінің KHNP деген корпорациясы салып берген стансаны айтуға болады. Екі елде де 4 блоктан тұратын АЭС жұмыс істей бастады. Түркия бұған дейін мүлдем атом энергиясын қолданбаған мемлекет, маман, кадр барлығын нөлден бастады десек болады. Бұл елдерге АЭС қалай әсер еткенін айтар болсақ, Ресей АЭС сала бастаған кезде Түркияның Мерсин облысында халық саны 1 жарым-ақ болған болса, қазір мұнда 30 мыңға жуық адам өмір сүріп жатыр. Ресей 2024 жылы эксплуатацияға береміз деген болатын, геосаяси жағдайларға байланысты шығар, қазір уақыты шегеріліп жатыр. Бірақ ауданға тигізген мультипликативті әсері өте мол. Ал БАӘ-ні алып қарастырсақ, АЭС-ты халық мүлдем білмейтін, игермеген десек болады. 

Ал біздің елде кадр бар, зертханалық реакторлар бар, одан басқа өз заманында әлемде болмаған БН350 деген атом электр стансасы да болды, қазір Қазатомөнеркәсіп мекемесі бар дегендей, яғни бізге атом энергиясы деген таңсық емес. Кореялықтар БАӘ-не уақытында келісілген қаражатқа сай, кадрдан бастап бәрін даярлап берді, 4 энергия блогының үшеуін іске қосты. Ол алтын эталонды АЭС деп аталады. Өйткені белгіленген қаражатты уақытында игерген, МАГАТЭ-нің қауіпсіздік ұсыныстарына сай салынған станса. Әлемдік тәжірибеде осы реакторларды қарастыруға болады. Алысқа бармай-ақ көршілес Өзбекстанда да қазір атом энергиясын дамыту және АЭС салу бойынша да жұмыстар жүріп жатыр. Олар референдум арқылы емес, Үкімет өзі шешім қабылдап, ары қарай жұмысқа кірісетін сияқты. 

– Егер референдумда халық қолдаса, біз қай елдің тәжірибесіне жүгінгеніміз дұрыс деп ойлайсыз? 

– Қазір әлемде АЭС-тің жаңа дәуірі басталды десек болады. Көптеген ел АЭС салуға кірісіп жатыр. Біздің елімізге Ресейден Росатом компаниясы, Қытай елінен CNNC компаниясы, Кореядан KHNP компаниясы, Франциядан EDF компаниясы салады деген таңдау бар. Мәселен, әртүрлі ел салуына да болады, бірақ әртүрлі ел салса да, бір ел салса да түрлі тәуекел кездеседі. Әлемде АЭС-тің кіші модульді түрі де дамып жатыр, бірақ олардың істеп тұрған реакторлық технологиялары жоқ. Әлемде 80-нен астам концепция бар, 4-5-еуінде ғана алға жылжу жұмыстары жүріп жатыр. Ал неге америкалықтар немесе жапондықтар емес дегенге келер болсақ, еліміз олардан да техникалық-коммерциялық ұсыныстар алғанбыз, бірақ олар кіші модульді реакторлар ұсынған болатын. Біздің мемлекетіміз бірінші деңгейде қауіпсіздік мәселесін қарайды. Кіші модульді реакторлық технологиялардың жұмыс істеп тұрған прототиптері болмағаннан кейін, тәжірибеден өтпегеннен кейін оларды елімізге алып келу оңтайлы шешім емес. Бізге жұмыс істеп тұрған, өзінің жұмысын көрсеткен, осы күнге дейін қандай да бір кем-кетігі дұрысталған реакторлық технологияны қарастырған жөн.

МАГАТЭ-нің басты екі ұстанымы бар, біреуі – ядролық қаруды таратпау, екінші – атом энергетикасын дамыту, оның ішінде АЭС салу. Осы АЭС салу бойынша МАГАТЭ дамушы елдерге, яғни АЭС енді салып жатқан елдерге жұмыс өтілі бар реакторлық технологияны қарастыруға ұсыныс береді. Егер де ондай жоқ болатын болса, ол зертханалық мақсаттағы ел болып қалады. Сондықтан тәжірибеден өткен, жұмыс өтілі бар үлкен реакторлы технология­ны қолданған дұрыс деп отырмыз. Өйткені ол бір жағынан неге үлкен десек, 1200-1400-ге мегаваттқа дейінгі реакторлық технологиялардың біздің энергожүйемізге орнығуы, болашақта болатын тапшылық, 2030-2035 жылдары болатын энергия тапшылығын жабу мақсатын да қамтуы қажет. Энергетиктердің пайымдауынша, 2030 жылға дейін 2,8 ГВт жетіспеушілік болады. Дәл осы дельтаны жабу үшін үлкен қуатты реакторлық технологияны қарастырған тиімді. 

– АЭС салуға қай жер таңдалуы мүм­­кін?

– Бірінші – Абай облысы, екіншісі – Балқаш көлінің маңайы. Бірақ келешек энергия тапшылығы оңтүстік аймақтарда болатынына байланысты оңтүстіктегі тұтынушыларға тиімді болуы үшін оңтүстік аймаққа қарай салған жөн деп ұсынып отырмыз. Ол – Балқаш маңайындағы Үлкен деген ауыл. Ол жер инфрақұрылымдық жағынан да дұрыс, бірнеше үлкен жобалар қарастырылған аймақ. Онда Атом электр стансасы және Жылу электр стансасының жобалары болған, сол себепті ол жақта бірінші тараптағы жұмыстар жүргізіліп бастаған, инженерлік ізденістен бастап құжат жұмыстары бәрі жасалған, өкініштісі аяғына дейін жетпеген. Бірақ Балқаш көлінің тура қасы, дәл осы жер деген мәселе әлі анықталған жоқ.

Егер референдум жұмыстары оң болса, жұмыстар ары қарай жалғасатын болады. Келесі жұмысымыз – инженерлік ізденіс­тер. Бізге көп жағдайда неге қоршаған ор­таға әсерін бермейсіңдер, неге техникалық-экономикалық құжаттама жұмыстары жоқ деген сияқты сұрақтар қойып жатады. Олар – реакторлық технология таңдалғаннан кейін жасалатын жұмыстар. Таңдау болғаннан кейін техникалық-экономика­лық негіздеме барысында, инженерлік із­деністер негізінде нақты жер көрсетілетін болады, сосын қоршаған ортаға әсері туралы құжаттама жұмыстары жасалады. Мұның бәрі ашық деректер негізінде экологиялық порталда қоғамдық тыңдаулар өтіп, халық өзі белсене атсалыса отырып бекітіледі деп ойлаймын. 

Мұндай үлкен объектілер аралас салаларда да жұмыс орнын тартады. Бизнес өкілдерін жұмылдырып, иифрақұрылымды айтпағанның өзінде, заңды негізде салықтың түсуі, сертификаттау, аккредитация секілді талаптарға сай ауқымды жұмыстар атқаруға болады. 8 мың -10 мың адамға дейін жұмыспен қамтылады. Олардың отбасы, балалары бар дегендей мектеп, балабақша, жол қатынастары мәселелері шешіледі.

– Халықтан қолдау тапса, жұмыс қашан басталады деп жоспарланған?

– Алдымен қай елдің технологиясы таңдалады, оған техника-экономикалық негіздеме жасалады, инженерлік ізденістер жасалады, одан кейін оның барлығы экспертизадан өтеді, сосын жобалық-сметалық құжаттама бар… Яғни, 2024 жылы қай елге салдыратынымызды таңдасақ, 2025 жылдардан бастап 2029 жылға дейін тек құжаттама жұмыстары жүргізіледі. Бірінші бетон 2029 жылы басталып құйылса, 2034-2035 жылдары алғашқы блокты көруге болады. 

Әлемдік тәжірибеде АЭС 10-12 жылда салынады. Тіпті, кейбір елдер 15-20 жыл салып жатыр. Оған дейін жеткізбеу үшін технологияны дұрыс таңдау керек. Қазір таңдалып отырған төрт ел де бірдей қуатты. Технологиялық жағынан қарайтын болсақ, Ресей федерациясы 50-жылдардан бастап салып келеді. Француз елі де дәл сондай реакторлық технологияларды 60 жылдан бері франко-герман технологиясымен салады, технологиялары өте мықты. АҚШ біздің шорт-парағымызда жоқ. Олардың да мықты тәжірибесі бар. Қытай да технология жағына бәріміз білеміз мықты, олар оптимизация процестің барлығын өте жоғары деңгейде жасаған. Мысалы, Қытай мен Корей елінде құрылыс мәдениеті деген бар. Олар айтқан уақытында келісілген қаржыға ешқандай кедергісіз салып беру тәжірибесі қалыптасқан. Біздің ел Ресеймен көрші болғандықтан, біраз ірі жобалар бар.

– Рақмет!

Сұхбаттасқан 

Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ

Мәліметпен бөлісу: