Алаш жұрты — ең бір жер көлемі ірі елдердің бірі. Осы алып елді қорғап тұру да оңай болған жоқ. Хұн, түркі дәуірінде үнемі Қытай, Иран орта ғасырларда Жоңғар мемлекеті, Бұқар (өзбек, тәжік) хандығы, Хиуа (өзбек, түркімен) хандығы, Қоқан (өзбек, қырғыз) хандығы, Еділ қалмақтары, башқұрттар,орыс казактары қауіп төндіріп тұрды. Басқаны айтпағанда 300 жылдық қазақ – жоңғар, 400 жылдық қазақ — өзбек соғыстарында қаншама жан шығыны, мал шығынына ұшырады. Ел мен жер үшін болған шайқастарда айбарлы хандар, атақты батырлар, кемеңгер билер және миллиондаған атпал алаш ерлері құрбан болды.
Кіші жүз ханы Әбілқайыр 1731 жылы, Орта жүз ханы Әбілмәмбет 1740 жылдары Ресей бодандығын қабылдады. 1720 жылдардан бері көп бөлігі басында Жоңғар, кейіннен Қоқан (өзбек) хандығы ықпалында болып келген Ұлы жүз 1883 жылы толық Ресей құрамына еніп болды. 1822 жылы Орта жүзде, 1824 жылы Кіші жүзде хандық билік жойылды. Жалпы, Ресейге бағыну процесі 152 жылға созылды. Ресейдің 1820-1890 жылдардағы реформалары қазақты бөлшектеп билеудің ең бір аяусыз жолы болғаны тарихи шындық. Отарлауға қарсы Е.Пугачев көтерілісіне Кіші жүздің қатысуы, Сырым Датұлы қозғалысы , Кенесары көтерілісі, Исатай мен Махамбет, Жанқожа Нұрмұхамедұлы, Есет Көтібарұлы көтерілістері болып өтті. Есет пен Жанқожа Ресеймен қатар Хиуа (өзбек, түркімен) хандығына қарсы күрессе, Тентек төре мен Байзақ датқа Қоқан (өзбек, қырғыз) мемлекеттеріне қарсы шайқасты. Сейіл мен Беркін, Иса мен Досан көтерілістеріне Ресейдің қайта-қайта реформалар жасауы, жерді сатуы мен ауыр салық салуы себеп болды. Аталған кезеңдерде қазақ елағалары бірауызды болды десек шындыққа қиянат болады. Рубасылардың кейбірі Хиуа- Қоқанның сойылын соқса, енді біреулері Ресей жақтаушылары болды. Бұл процес әсіресе Кенесары Қасымұлы басқарған он жылдық соғыста айқын көрініс береді.
ХІХ ғасырдың ортасында бұрынғы хандар ұрпақтары — ақсүйек төрелер және атақты әулеттерден шыққан ел ағалары болашақта көтеріліспен орыс билігінің бұралаң саясаты мен европалық армиясын төтеп бере алмайтынын түсіне бастады. Ресейге бағынышты жұрт болғандықтан орыс тілін білмеу ел билеу ісінде үлкен кедергіге айналды. Орыстың ғылымын, тілін, заңын білмей онымен араласып ұғынысу мүмкін емесін түсінді және заман талабына айналды. Кейбір беделді кісілер орыс тілін білу арқылы, балаларына жоғары қызмет жолын ашуды көздеді. Енді бірелеулері орыс чиновниктерімен оқыған балалары арқылы жақындасуды есепке алды. Қысқасы орыс тілін білу қажеттілікке айналды. Алғашында балаларын «шоқынып кетеді» деп қорыққан көпшілік, кедей туыстарының зерек, алғыр балаларын ата-анасына малдай өтем беріп оқуға жіберіп тұрыпты. Кейін олар «орысша жылмайтын» оқып келген кедей туыстың баласының аузына жалтақтайтын болды. Оның үстіне мал бодауына кеткен баланың «шоқынып кетпегеніне де» көздері жетті. Осы себептерге байланысты әйгілі, дәулетті, беделді қазақтар балаларын орыс оқуына бере бастады. Олар: Шыңғыс төре Шоқанды, Құнанбай қажы Абайды, Балқожа би Ыбырайды, Қапалдан Сырттан батыр ұлдары Барлыбек пен Тұрлыбекті, Маман би баласы Тұрысбекті орыс оқуына берді.
Осылайша XX ғасырдың басында қазақтың европалық білім алған оқыған азаматтарының легі қалыптасты. Тарихта бұлар Алаш зиялылары деп аталды. Алаш қазақ деген ұғымды білдіреді.Сол сияқты Алашқа қазақ, өзбек, түркімен, қырғыз, қарақалпақ, ноғай жатқызылып, «Алты Алаштың баласы» деп те аталады. Алаш атауының шығу төркіні туралы тағы бірнеше бір-біріне кереғар нұсқалары да бар.
Оқыған азаматтар 1913 жылы «Қазақ» газетін шығарды. Газет араб әрпімен қазақ тілінде шығып тұрды. Бұл қазақ тарихында ана тілінде шыққан тұңғыш газет болатын. Құлдық бұғаудан еңсесі түскен,елін жемқорлық жайлаған, жерін Ресейден ағылған орыс тартып алып жатқан, тілі ошақ қасында қалған, би- болыстары орыс чиновнигіне жағынуға барын салған, алданған, күйзелген алаш баласы үшін газет Темірқазық бағдаршам болды. «Қазақ» газеті әлі де жер көк өгіздің мүйізінде тұр деп сенген, жүгерінің шашағын пайғамбардың қызы Бибі Фатиманың шашы деп сатып алған, мұз кәмпитті Мұхамед пайғамбардың қатқан сілекейі деп қымбатқа айырбастап алған, араб-парсылардан келген қиссалардағы сиқыр мен кереметтің болатынына сеніп жүрген аңқау алаш баласының көзін ашқан шамшырақ болды. Газет зор қиындықпен шығып тұрды. Қаржының тапшылығы мен патша үкіметінің қысымына қарамастан халқына тайқымай, айнымай қызмет етті. Тіпті, газет редакторы Ахмет Байтұсынов түрмеге де отырып шықты. Газетте сол кездегі дүниежүзілік саяси жаңалықтар, соғыстар, Ресейдегі саясат одан қазаққа келетін зиян, шаруашылық туралы кеңестер, жер мәселесінде алданып қалмау жолдары көрсетіліп бағдар берілді. «Қазақ» газеті 1913-1918 жылдар аралығында Ахаңның басшылығымен шығып тұрды. Газет алғаш Орынбор қаласында шығарылар кезде, алаш азаматтары қаржыны елағаларынан жылу жинап, жетпегенін қалталарынан шығарып газет жарық көрді.
I дүниежүзілік соғыстың басталуына байланысты 1916 жылы 19-43 жас арасындағы қазақтарды майданның қара жұмысына алу басталды. Осы науқанға байланысты Әлихан Бөкейханов Орынборда жалпықазақ жиынын өткізді. Онда жиналғандар «солдат жібермей тағы болмайды ел қырылады, уақытты соза тұруға тырысайық, орыс іші бүлініп жатыр, патша өзі де көп ұзамай бір жақты болады» деп пәтуаласады. Осы кезде қазақ оқығандары екіге жарылады. Әлихан, Ахмет, Міржақып бастаған топ: «жастар майданға барсын, олар соғыспайды, қара жұмыс істейді, халық қарсылық қылса елге әскер шығады, қырғын табамыз» дей келіп, «ел ағалары сатылмай, бұзылмай солдатқа алуды әділ жүргізсін» деп жазды 1916 жылы «Қазақ» газетіне. Бірақ алаш зиялыларын тыңдаған, әділдікпен іс жүргізген болыстар өте сирек. Би- болыстардың параға еті үйренген психологиясы ел қамынан гөрі қалта қамына бұрылып кетті. Жер-жерде болыстардың туыстары, балаларының орнына жасы 43- тен асып кеткен, не 19-ға жетпеген кедей- кепшік, жалшы-малай, қойшы-қолаңның балалары алынып жатты. Дәулетті, ауқатты адамдардың балаларының орнына момын мен жетім-жесір балалар тізімге ілінді. Осы лас әрекеттер әрине, пара беру, пара алу арқылы жүзеге асты. Шектен шыққан жемқорлық көтерілістің басталуын жылдамдатты. Қарсы топ Әліби Жангелдин, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Жалау Мыңбаев, Тоқаш Бокин сынды тұлғалар халықты көтеріліс жасауға үгіттеді. Алым-салықтың ауыртпалығы, елді жайлаған жемқорлық титығына жеткен, қосымша соғыс салығы ашындырған, қымбатшылықтан ширығып зорға отырған халық атқа қонды. Бір жағында винтовка, зеңбірек, пулеметпен жабдықталған тұрақты орыс армиясы, екінші жағында сойыл, шоқпар, аша ұсаған қазақ жасақтары. Көтерілістің қызу болған жерлері Торғай мен Жетісу өлкесі. Көтеріліс аяусыз басылды. Жалпы 1916 жылғы дүрбелеңді басу кезінде мыңдаған ауыл өртелді, мал айдауда, жан талауда, дүние тонауда кетті. 201 адам өлім жазасына кесілді, 162 адам Сібірге айдалды, ал шайқастар кезінде 30 мың қазақ өлсе, 200 мың қазақ шетелге босып кетті. Бұған зорланған, ары төгілген мыңдаған қазақ қыз-келіншектерін қосыңыз. Ал, майданда қара жұмыс кезінде ауырып, жарақат алып қайтыс болғандар саны анағұрлым аз. Салыстырмалы түрде алғанда көтеріліс шығынынан көп есе кем. Көтерілістер басылғаннан кейін алаш зиялылары Әлихан төре (сол кезде қарапайым халық солай атаған) бастаған топ майданға баратын 30 кісі – 1 топ болсын, әр топқа 1 переводчик, 10 топ, яғни 300 адамға бір молда болсын деп шешім қабылдап, «Қазақ» газеті арқылы орысша оқыған азаматтарды майданға тіл білмейтін жастармен бірге аттануға шақырды. Қараңғы, жомарт, ақкөңіл, аңқау қазағын шын сүйетін, орысша тіл білетін 40 алаш ардақтысы, оқулары мен жұмыстарын тастап майдан жұмысына алынған қарапайым халықпен бірге Европаға жүріп кетті. Патша заманында бұратана халықтың оқуға түсуі қиямет – қайым еді. Соған қарамастан алаш оқығандары туған ұлтымен бірге майданға аттанды.Олар: Асфандияр Кенжин, Файзола Ғалымжанов, Елдос Омаров, Әзімбек Бірімжанов, Райымбек Мақатов, Хайролдин Болғанбаев, Сейіл Жиенбаев, Бижанғали Байқадамов, Нәзір Төреқұлов, Тел Жаманмұрынов, Шафқат Бекмұхамедов, Әбубәкір Иманбаев, Мұқыш Боштайұлы, Базарбай Шаметов, Иса Қисықұлы, Сұлтанбек Мангелдіұлы т.б. нағыз азаматтар болды. Өзіміздің Ақсудан — Біләл Сүлеев, Қапалдан — Мырзахан Төлебаев болды. Мырзахан Төлебаевпен менің арғы атам Тоғызбай дос,сыйлас адамдар болған екен. Тоғызбай Аманжолұлы дәулетті, шешен, өткір адам ретінде Қапал өңіріне белгілі тұлға. Ағайынды Тұрысбек, Бейісбек, Есенғұл Мамановтармен пікірлес, сырлас болған. Тұрысбек және Сейітбаттал Мамановтар қазақта өз қаражатына патша заманында тұңғыш мектеп-интернат салдырған. Есенқұл Маманов проза жанры дамымай отыр деп рет романға ақшалай бәйге жариялаған тұңғыш меценат. Басқасын айтпағанда атақты жыр Құлагері І.Жансүгіров сауатын осы Мамания мектебінен ашқан. Әйгілі Біләл Сүлеев, әнші Майра Уәлиқызы т.б. тұлғалар Тұрысбек Мамановтың үш қабатты көк үйінде жатып мектепте сабақ берген. Біздің әулеттің Маман ұрпағымен сыйластығы үзілмегенін үстімізде жаздым. Сол кезеңде Тоғызбай Аманжолұлы Бейісбек Мамановтың қызы Мәрияны өзінің ұлы, менің атам Бекболатқа алып береді. Алаш қозғалысы күшейген кезде Тоғызбай Аманжолұлы құдалары Мамановтармен бірге Алашорда үкіметіне барынша тілектес болады. 1918 жылы Тоғызбай өзінің үкілеп, маңдайына басқан екі бірдей жүйрік атын Алашорда үкіметіне сыйға тартады. Бұл деректі руы төре Есенаман деген ақсақал айдалада қой жайып тұрғанда, сыбырлап зорға айтып еді. Алашқа деген тілектестік пен ұжымдастыру зобалаңы, оның үстіне Бекболат Тоғызбайұлының соңына ГПУ-дың түсуі, Қапал түрмесіне жабылуы Тоғызбай әулетінің Қытайға қоныс аударуына себепші болады.
1916 жылы Әлихан Бөкейханов пен Мұстафа Шоқаев майданға кетіп бара жатқан жастарды Москвадан күтіп алып шығарып салады. 1916 жылдың күзінде Ә. Бөкейханов, М. Дулатов, М. Есболов үшеуі майданға келіп, Минск қаласында қара жұмыста жүрген мыңдаған қазақтың жағдайын түзеу үшін, үлкен кедергі, зор тауқыметпен «Бұратаналар бөлімін» ашады. Сол кезде қарапайым халық Әлекеңді Әлихан төре деп атаған екен,төре дегеннің өзі «төр ие»,яғни,төрдің иесі ақсүйек Шыңғысхан ұрпақтары деген қысқарған ұғым. Сөйтіп, Әлекең «Доктор түгел орыс. Докторды қазақ, қазақты доктор түсінбейді. Қазақтан оқыған доктор болса, осы кезде алаш баласынан көмегін аямасын» деп жазды «Қазақ» газетінде. Іле-шала Томск қаласының тұрғыны, беделді дәрігер, дәулетті отбасының баласы, білікті доктор Әбубәкір Алдияров мол табыс, жайлы қызметі мен отбасын тастап майданға келіп жетті. Алаш зиялылары топбасы, аудармашы бола жүріп, ыстық-суықты жастармен бірге көріп, оларды майданнан елге алып қайтты.
1917 жылы ақпанда Алаш көшбасшысы Ә.Бөкейхановтың жорамалы дәл шығып, II Николай патша тақтан бас тартты. Осы жылы алаш қайраткелері 5-13 желтоқсан аралығында Алашорда үкіметі мен Алаш партиясын құрады. Үкіметтің Ұлт Кеңесі 15 адамнан тұрды. Олар: кешегі хандар мен атақты әулеттердің ұрпақтары еді. Бұлар: Әйгілі Көкжал Барақ сұлтанның ұрпағы Санкт-Петербург Орман институтының, экономика факультетін үздік бітірген Әлихан Бөкейханов; Шақшақ Жәнібек батыр ұрпағы Қазан университетінің заң факультетін алтын медальмен бітірген Ахмет Бірімжанов; Атақты Торғай датқаның ұрпағы Санкт-Петербург императорлық университетінің заң факультетін алтын медальмен тамамдаған Мұстафа Шоқаев; Томск технология институтын үздік аяқтаған Әлімхан Ермеков; Санкт-Петербург императорлық жол қатынасы институтын үздік бітірген сарқандық Мұхамеджан Тынышбаев; Санкт-Петербург университетінің шығыс тілдері факультетінің үздік дипломанты Бақыткерей Құлманов; Қазан университеті заң факультетінің үздік дипломанты Базарбай Мамытов; болыстың баласы, Омск семинарисі, тұңғыш алаш әскерінің қолбасшысы Отыншы Әлжанов; Қазан университетінің заң факультетін күміс медальмен бітірген Уәлитхан Танашев; Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетінің үздік дипломанты Жаһанша Досмұхамедов; Санкт-Петербург әскери-медицина Академигінің үздік дипломанты Халел Досмұхамедов; Санк-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін үздік бітірген Айдархан Тұрлыбаев; Москва университетінің физика-математика факультетін алтын медальмен бітірген Халел Ғаббасов; Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін үздік тамамдаған Садық Аманжолов; Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін алтын медальмен тамамдаған Жақып Ақбаев болды.
1917 жылы желтоқсанда өткен Ұлт Кеңесіне 81 делегат қатысты. Соның ішінде Қапал уезінен барған – Есенқұл Маманов болды. Е.Мамановтың әжемнің кіші әкесі және тұңғыш қазақ меценаты екенін үстімізде жаздым. Алашорда үкіметінің төрағалығына үш кандидат ұсынылды. Сайлау кезінде Ә.Бөкейханов-40 дауыс, А.Тұрлыбаев-20 дауыс, Б. Құлманов-19 дауыс жинады. 2 делегат қалыс қалған. Есенқұл Мамановтың Әлекеңді қолдап дауыс бергенін әжем; Есенқұл ағаны кіші аға деп атаушы едім. Сол кісі Орынбордан келгенде «Әлихан төре өте шешен кісі екен,өзі ақсүйек, болған жердің адамы. Білім қандай,сұсы қандай! Патшаңда сондай-ақ болған шығар. Шардың көбін сол кісіге салды. Қазақтың көсегесін көгертсе тек Әлекең көгертеді»- деп отырғанын талай естідім деп әңгімелейді екен. Сайлауда Ә.Бөкейханов қазақ халқының ендігі басшысы болып сайланады. Осы сайлау біз білетін қазақ тарихындағы бірден-бір ӘДІЛЕТТІ САЙЛАУ деп білемін.
Алаш зиялылары бірі қалмай ұлт жолында аянбай еңбек етті. Көпшілігін 1918-1938 жылдардағы саяси репрессиялар алып кетті. Аман қалғандары 1980-інші жылдарға дейін кеңес үкіметі бақылауында болды. Алаш зиялылары ғылым, әдебиет, аудармамен айналысып қашан атылып кеткенше халқына қалтқысыз қызмет етті. Жуырда жарық көрген «Алаш энциклопедиясында» 300 адамның тізімі жүр. Алаш қайраткерлерінің қайсысы болсын ауқатты, беделді әулеттерден шыққан. Атадан қалған қыруар малды керегіне жұмсап, білімімен генерал-губернатор советнигі болып, тым болмаса тілмаштық қызмет атқатып, байлығын өсіріп жата берулеріне әбден мүмкіншіліктері болды, бірақ, олар керісінше алған білімі мен атадан қалған байлықты, қиыр жайлап, шет қонған, қиналған, күйзелген, алданған, торыққан қазағына арнады. Әсіресе, Әлекең ата тегінен үзілмей келе жатқан бекзат мінезін ұстанып тайқымады, ойланып толқымады. «Қазақ баласының қақысы, хан баласында кетіп жүр еді. Тірі болсам қазаққа қызмет етпей қоймаймын!» деп серт беріп еді. Ант жолынан, серт жолынан қайтпады. Асыл жаратылысына біткен ақсүйек мәрттігінен айнымай осы жолда мерт болды. Мақалада айтпағым Алаш қозғалысының бел ортасында жүрген, суығына тоңған, ыстығына күйген Ақсу- Қапал өңірінен шыққан қайраткерлердің болғандығы еді. Мақсаттарына жете алмай, қазағына еңбегін жартылай беріп қана үлгерген, репрессияда қыршын кеткен Есенқұл, Мырзахан, Біләл сияқты дегдарларды атап өту болатын. «Тас түскен жеріне ауыр» деген,осы аталған тұлғалар аман болса, өңірдің дамуы өзгеше болар-ақ еді. Айналып келгенде бұл тарих бүкіл алаштың орындалмаған арманы, оның ішінде Ақсу-Қапалдың мәңгілік мұңы.
Ербол ТОҒЫЗБАЙ.