Жасымыз келіп қалса да қазіргі заманға сай ұялы телефонымызды ашып, әлеуметтік желілерге кіріп отырамыз. Қазіргі атқарып жүрген жұмысымыз да соны талап етеді. Иә, кезінде ұстаздық қызметтен зейнеткерлікке шығып, бүгінде аудандық әжелер кеңесінің төрайымы болып, бір мекемеде отырған соң, ауданда атқарылып жатқан шараларға үлес қосып келеміз.
Кеше әлеуметтік желіден бір жас баланың атом электр стансасын салуға қарсы екендігін білдіретін постты байқадым. Әдейі әңгімесін соңына дейін тыңдадым. Астына жазылған пікірлерді де оқып шықтым. Қазір күрделі мәселе болып жатқан үлкен жобаға қарсы адамдар көп екен.
Олар, бірінші соған шығатын шығынды одан да неге халыққа бөліп бермейді – дейді. Оның шығынын есептеп қайтесіңдер! Шыққан шығын орны толып оңалары сөзсіз. Оны халыққа бөліп бергенде халық өзіне электр қуатын шығаратын шағын станса ашып алады ма? Мысалы: екі бауырды алайын. Үйлері, күйлері жоқ делік. Біреу үй салып алуға он миллион ақша берсін. Алдымен ірге тасын сала бастағанда екеуі ақылдасып сол ақшаны теңдей бөліп алды. Ақша ұсталды, жоқ болды. Қыс түскенде екеуі тағы да үйсіз, күйсіз қалып, сол кезде үй салып алуымыз керек еді деп өкінетіні шындық қой. Референдум да сол жобаның ірге тасы десек. Оған бөлінген шығынды екі бауыр сияқты бөліп алса, ертең жарық сөнгенде халық не деп өкінеді?
Екінші референдум ашық өтсе сайлау учаскесіне екі урна қоюды, біреусіне жақтаушы топ, ал, екіншісіне қарсы топ бюлетендерін салсын деген пікір білдіріпті. Айналайын, қанша жыл сайлау учаскесінің төрайымы болып қызмет жасап келе жатырмын. Ондай мәселе ешқашан көтерілмеген. Ондай болмайды да. Әйтпесе президенттікке түскен бес үміткерге бес урна қойылмайды ма.
Енді елдің әжесі, әйел, ана ретінде менің айтарым. Бұдан шығатын түйін не? Халқымыз айтады: «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» — деп. Жүн де жоқ, ертең болашаққа айтатын үн де жоқ қалып жүрмейік.
Бақыт ҚҰРМАНҒАЛИЕВА,
Аудандық әжелер кеңесінің төрайымы.