Қайырымдылық жасау адамгершілік белгісі

«…Қайыр – садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» дейді қасиетті  Құран Кәрімде.

 

Әрбір иманды жанның осы аяттан алатын ғибратты да, ізгілікке жол көрсететін өнегесі де баян етілген. Қоғамда да  күнделікті жиі қолданылып отыратын дана сөздерінің бірі: «Кең болсаң – кем болмайсың» деудің  мәніне үңілсеңіз адам бойындағы жомарттық, қайырымдылық қасиеттерді меңзеп отыр. Яғни, төрт құбыласы тең болады.

Ауданымыздағы мешітте тұрмысы төмен отбасы мен әлеуметтік аз қамтамасыз етілген отбасы мүшелеріне көмек қолын созып, қайырымдылық шараларын ұйымдастыруды үзген емес. 

Ата – бабаларымыз ұрпағына мұра етіп қалдырған тілі, салт – дәстүрі, әдет – ғұрпы бар. Олар бір шаңырақтың астында тату – тәтті өмір сүрген. Ұрпағының білімді болғанын армандаған.

Адамға жақсылық жасау, қайырымдылық көрсету – халқымыздың мақтан етерлік дәстүрлерінің бірі. Бұл дәстүр қазақ тіршілігінде түрліше іске асып отырған. Қайырымдылық — адамгершілік белгісі.  Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілділік. Ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жомарт болу — өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу. Осыған орай 25 қаңтар күні ауданымыздың  бас  имамы  Мәнбетов Анарбай Тасболатұлының ұйымдастыруымен бірнеше қайырымдылық шаралары өтті. Ең бірінші Көкөзек ауылындағы Қ.Терібаев атындағы орта мектепте жоғарғы сынып оқушылармен кездесу өтті. Онда дін мен дәстүр сабақтастығы бойынша және түрлі ағымдардың елімізге төндіретін зияндығы жайлы Талдықорған өңір өкілдігінің найб имамы Дауытов Керімбек Сәрсенбайұлы түсінік пен мағлұмат берді. Оқушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптарын алды. Кездесуден кейін аудандық мешітте қайырымдылық шаралары жалғасты. 30 шақты жағдайы төмен отбасыларға бір – бір қаптан ұн таратылды.

Содан соң «Темірлан» кафесінде көп балалы 35 анаға арналып дастархан жайылды. Онда ислам дініндегі бала тәрбиесі жайлы уағыз – насихат айтылып, азық – түлік берілді. Ары қарай қайырымдылық шарасы аудандық орталық ауруханада жалғасып, емделіп жатқан науқас жандардың саулықтарын сұрап, Алладан тез сауығуларын тілеп, жеміс – жидектер мен тәттілер үлестірілді.

Қайырымдылықтың соңы «Ақ – Нар» мейрамханасында 30 шақты мүмкіндігі шектеулі жандарға дастархан жайылды. Аудандық «Қобызшы Молықбай» атындағы мәдениет үйінің әншілері әннен шашу шашса, «Ақын Сара» атындағы мәдениет үйінің биші қыздары мың бұрала биледі. Келген зағип жандар мен олардың ата – аналарының көңілдеріне кішкене болса да қуаныш сезімін ұялатты. Оларға да тәттілер мен жеміс – жидектер және ақшалай көмек көрсетілді. Содан кейін Е.Сиқымов атындағы орта мектеп – интернатында қыздар арасында волейболдан жарыс өтті. Онда жеңген командаларға сыйлықтар мен Грамоталар табыс етілді.

Қайырымдылық соңында ата – аналар, көп балалы аналар мешіт қызметкерлері алғыстарын білдіріп, көтеріңкі көңіл – күймен тарқасты.

Осы қайырымдылыққа мұрындық болған қалталы азаматтарға Алла разы болсын.  «Ислам діні жағдайы бар азаматтарды қоғамдағы әртүрлі тағдырымен қайырымдылыққа мұқтаж болған кісілерге, қоғам мүшелеріне көмектесуге, қол ұшын беруге, жәрдемдесуге шақырады. Пайғамбарымыз да  (с.ғ.с.) өзінің бір хадисінде: «Өзі тоқ жатып, көршісі аш жатқан адам бізден емес» деген. Сондай-ақ, Құран Кәрімнің бірқатар аяттары да жұртқа садақа беруге, көмектесуге, қол ұшын созуға, тамақтандыруға шақырады». Осылай деген аудандық  мешіттің бас имамы Анарбай Тасболатұлы мешіттің ұйымдастырып отырған бұл қайырымдылығы да осы өсиеттердің        аясында екенін түсіндірді.

Бір бірімізге бақыт сыйлар жүрек жылуымыз, мейірімділігіміз сарқылмасын! Аялы алақанымызды, қол ұшымызды созып, қайырымдылық жасап, көмек қолын күткен әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып, өмірге деген көзқарасын өзгерту осы отырған барлық азаматтың борышы. Ендеше, болашағымыз бақытты болсын десек, бір бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямалық ағайын!

Кеш соңында ауданымыздың бас имамы Анарбай Тасболатұлы: — «Осы жалған өмірде қандай да бір игілікті, қайырымды істеріміздің сыйы Алла тағаланың жәннаты екенін жадымыздан шығармай, соған амал етуге жазсын. Алла тағала осындай сауапқа ұмтылуды баршамызға нәсіп етсін! Әмин!» — деді өз сөзінде.

Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Көмек сұраған адамға қайырымдылық қолын созып, оның қажеттілігіне бей – жай қарамайтын мешітіміздің бұл бағыттағы жұмысы алдағы уақыттарда да өз жалғасын табатын болады.

 

Ләззат ҚАСЫМБЕКОВА.

 

Жансүгіров ауылы.

Мәліметпен бөлісу: