– Абайдың Шығысын, Толық адам ілімін қалай түсінуге болады?
– Кеңес дәуірінде де Шығыс жұлдыздары, ғұламалары туралы мақала жазған, кітап жазған ақын – жазушылар, ғалымдар, жай әуестенген адамдардың барлығы қудалауға түскен, атылған, ақыры құрдымға кеткен. Оған себеп, Мәскеу 1949 жылы космополитизм туралы арнайы қаулы шығарған. Ол қаулыда Батысқа да, Шығысқа да бас игендерді талқандаймыз деген. Осы қаулыдан кейін Батысқа бас иген еврейлерді де аямаған. Сол себептен Абайдың Шығысты зерттеп жазғандарын зерттеуге тосқауыл қойылған, тиым салынған. Қазір ғалымдар Абайдың Шығысынан көп дүниені тауып, Толық адам туралы ілімі де, исламятты тануы, адамгершілік туралы идеясы, мораль философиясы да бәрі жазылған деп жатыр.
Осындай зар заманда, тар заманда өмір сүрген Абайдың исламды тануына көз жіберсек біздің даламызға тараған дін сопылық ілім негізінде болғаны белгілі. Бір қызығы әлемдегі ең ұлы классик ақынның бәрі сопылық іліммен сусындағандар. Абай да солардың қатарында десек еш артығы жоқ. Асып түспесе, кем емес. Осындай Ұлы даланың Ұлы данасы, Ұлы ақыны бар болғаны елу тоғыз жыл ғана өмір сүрді. Неге? Оған орыстың зымыстан саясаты, Абайға жіберген патшаның жасырын өз қолымен жазған раскривтісі, патша үкіметінің жер бетінен тып – типыл етіп үш халықты жойып жіберуді мақсат тұтуы өзі рухани қайғыда жүрген ақынға бұл сұмдықтарды оқып – білу, есту психологиялық тұрғыдан қатты әсер етті. Өзі мақтап, арқа сүйеп жүрген орысының өз халқы туралы не ойлап отырғанын білгенде Абай рухани – психологиялық тұрғыда күйреді. Ең ауыр соққы осы болды. Ең соңғы үміті үзілді. Осылайша қазақтың дара дарыны, ұлы ақыны өлер сәтінде үш – төрт күн ешкіммен сөйлеспей, батысқа қарап жатып алғаны да осы себептерден дейді көне тарих…
ТҮЙІН СӨЗ
Енді ұлы ақын, ғұлама ойшыл, философ Абайдың аңсап, армандап ай- тып кеткен қазақтың жаны өзгереді ме? «Жұрт айтса болды, көп айтса көндінің» қай жағына шықтық? Әлемді алаңдатқан бүгінгі алмағайып заманда жаңғырту мұратына тікелей септігі тиетін халықтың ең басты құндылықтары – ақыл, парасат, ар – ұят, намысы, иман, қоғамдық сана мен мүдде, өркениеттің ұшар биігіне бет алысымыз Абайдың жан дүниесінің реформалық сұранысына жақындай түсті ме? Иә, Абай елдің қай ісіне сүйініп еді? Сүйінген ісінен үйрене алдық па? Қай ісіне күйініп еді? Күйінген ісінен жирене алдық па? Әлде көкелерімізді араға салып, қонжиып, шәлтиген шенеунік (байшікеш) болып шіреніп, үлкенді мұқатып, кішіні кемсітіп, немесе «Күштілерім сөз айтса, бас изеймін шыбындап» деп жүргенімізге мәзбіз бе.
Абай айтқан бес асыл, бес дұшпанның алғашқысын жүзеге асырып, соңғысынан бойды қашыра алдық па? Әлде «Баяғы жартас, бір жартастан» әлі күнге ұзап кете алмай жүрміз бе? Міне, Президент Қасым — Жомарт Тоқаевтың көкейінде дәл осы сұрақтың жүргені күмәнсіз. Абай тағылымдарына ден қоюы да сондықтан шығар. Президент өз мақаласында: «…оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы қазақ халқына емес, жаһан жұртына да үлгі – өнеге» дейді. Абай дәуірінде таным – пайым деңгейі әлемдік айналымда болғанда қазақтың ұлы перзентін «Адамзаттың Абайы» дер еді. Сол арманға да жақындай түскендейміз. Өйткені ақынның мұрасы бүкіл адамзат баласының рухани азығы»,– дейді Президент Қ.Тоқаев.
Олай болса ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, мемлекеттің өркениеттілігі, интелекті ұлт мәселесі жаңа Қазақстанның тұрақты мақсат – мұратына ай- налып отырғанда – Абай айтып қалдырған аманаттар әр қазақтың жүрегінен орын тауып, ұяласа, Ұлы ақын Әлем әдебиетінің Патшасы болып мәңгі қала бермек.
– Деректі әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен:
Ербол СЫМХАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.