Аудан əкімі Есім Сейілханұлы Базарханов пен округ əкімдерінің биылғы жылғы ел алдындағы есеп беру жиыны бұрынғы дəстүрлі кездесулерден ерекше болды. Ерекше дейтініміз — өткен жылдарда аудан əкімі де, облыстан келген қонақтар да сахнаға шығып отыратын. Мəслихат хатшысы Бейбіт Сүлейменов жиынды ашып, кезекпен кезек округ əкіміне, аудан əкіміне сөз беріп, салтанатты, ресми түрде жиынды қорытындылайтын еді ғой. Биыл аудан əкімі де, облыстан келген қонақтар да халықпен бірге отырып, етене араласып, халықтан түскен сұрақтарға жиын барысында да, жиын соңында арнайы жеке қабылдап, көкейлерінде жүрген мəселелерді шешіп, ұсыныс – пікірлерін тыңдады. Иə, барлық ауылдық округтерде дəл осылай басталып, осылай аяқталып жатты. Мен өзім Бұдырлы Тəуке тауының, қыдырлы ұрпағының бірі болғандықтан «Тау баласы тауға қарап өседі» — дегендей тауда туып, тасында өскен тау тұрғындарының жиынына барып қатынастым. Алдымен Суықсай ауылдық

округіндегі Ю.Гагарин атындағы орта мектебінің алдына ат басын тіредік. Ең жас əкім Ғалымжан Қанатбекұлы сөз бастап, келген қонақтармен таныстырды. Жиынға жерлесіміз, Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай арнайы келіп қатынасып отырғанын айтып, 2019 жылы атқарған жұмысы туралы кеңінен баяндама жасады. Келесі кезекте аудан əкімі Е.Базарханов есеп берді. Аудан əкімінің баяндамасын газетіміздің өткен сандарында жариялаған едік, сондай – ақ, əлеуметтік желілерде де жарық көрген. Сондықтан барлық баяндамаға тоқталмай – ақ, таулы аймақтар бойынша айтылған жетістіктер мен болашақта атқарылатын жұмыстарға ғана тоқталып өтейін. Аудан əкімі Е.Сейілханұлы өз сөзінде: Суықсай ауылындағы «Баққон» кооперативінің жұмысы мен осы кооперативтің жанынан ашылған шағын сүт зауытының шығарып жатқан өнімдеріне тоқтала келе, біраз жылдан бері бастау алып келе жатқан жаңа

жоба «Көк сағыздың» болашағы туралы кеңінен айтып өтті. Аталмыш жобаның болашағы бар екенін, ол іске асса əр түрлі табиғи резеңке бұйымдарымен қатар, автокөліктердің дөңгелектерін шығара алатынымыз туралы сөз болды. Тек инвесторлар өзіміздің елден табылмай өткен жылы шет елдік инвесторларға жоба таныстырылып, ұсыныстар жасалғанын естідік. Аудан орталығындағы қант зауытымыздың алдағы жылдары дұрыс жұмыс жасауы үшін қант қызылшасынан бөлек трасник шөптерін де пайдалану жоспарда бар екені айтылды. Сонда да, Суысқсай ауылына 50 гектар алқапқа қант қызылшасын себу керектігі ескертіліп, биыл күзге дейін Жансүгіров – Суықсай тау жолына битонды тас жол төселетіні, оған қаржы бөлінгендігі ауыл тұрғындары үшін жағымды жаңалық болды. Аудан əкімі сондай – ақ, өткен жылы Ілияс атамыздың тойын жоғары деңгейде республика көлемінде атап өткендігімізді мақтанышпен айтып, биылғы жылы Абай Құнанбаевтың 175 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы жəне ауданымыздың 90 жылдығын атап өтуге аудан болып атсалысуға шақырды. Жиын соңында ауыл тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдау кезінде көбінесе көтерілгені жер мəселесі болды. Оған аудан əкімі «қанағаттанарлық» жауаптар қайтарып, аудандық жер бөлімінің басшысы Қ.Бекбатыровқа қант қызылшасын себетін шаруаларға жер тауып беруді тапсырды. Ащыбұлақ ауылынан Елжас Қауысов ауылдағы мəдениет үйінің жарамсыздығына байланысты ауылдағы ескі мектепті білім бөлімінен əкімшілікке аударып беруді сұрады.

Дəулет Жанұзақов Ащыбұлақ ауылы мен Ақтөбе ауылының ортасындағы Ақсу өзені көпірінің мəселесін көтерді. Бұл мəселе төтенше жағдай бойынша қолға алынатын болды. Түстен кейін Арасан ауылының əкімі Роза Ғалымжанованың есебін тыңдадық. Аудан əкімі Е.Базарханов бұл жерде де ауданымыздың 2019 жылғы атқарылған жұмыстары туралы құлаш ұрып сөз сөйлеп, ауыл тұрғындарынан «қанағаттанарлық» деген бағасын алды. Келесі күні Қапал – Көшкентал ауылдық округтерінде болып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, жеткен жетістіктері мен болашақта атқарылатын жұмыстары туралы хабардар болдық. Бұл жерлерде де көбінесе жер мəселесі көтерілді. Ауылдың маңындағы мал жайылымдары мен пайдаланылмай жатқан жерлер үкіметке қайтарылып, жерді қажет етіп, жұмыс жасайтын адамдарға беру
керектігі айтылып, қазір пайдаланылмай жатқан жерлерді ешкіммен соттаспай, бір жақты келісім шартты бұзу арқылы тартып алуға болатын заң қабылданатыны туралы ескертіп, жерлерді тиімді пайдалануды тапсырды. Аталмыш ауылдарда да жағымды жаңалықтар болатыны барлық ауыл тұрғындарын қуантты. Алматы – Өскемен тас жолынан Қапалға бұрылған жерден Көшкенталға дейін асфалть төселіп, ауыл мектебінің жаңа құрылысының құжаттарын дайындауға қаржы бөлінгені, бұйырса алдымыздағы жылдары жаңа мектеп құрылысы қолға алынатыны айтылды. Міне, осы екі күндік сапарымда ауданымызда атқарылған жұмыстарды көзімізбен көріп жүрсек те жаңадан естігендей үлкен əсер алып қайттым.
Ербол СЫМХАНОВ