ТІЛ ҰЛТТЫҢ МАҚТАНЫШЫ

Ана тілін қадірлеп ұстайтын ұлттың болашағы жарқын. Себебі, тіл қай елде, жерде болмасын ең қасиетті де қастерлі. Тіл – әрбір тәуелсіз елдің мақтанышы, абы­ройы.

Қазақ тілі – Республикамыздың мемлекеттік тілі. Кез келген тіл – адам өмірінің философиясын, оның құндылықтар жүйесін, мінез – құлық стилін, ойлау бейнесін қалыптастыратын мәдени код. Қазақ тілі ежелгі мәдениеттің барлық байлығын сақтаушы ғана емес, сонымен қатар қазіргі қазақстандық тілдік көпэтникалық ортаның өзегі болып табылады.

Тәуелсіздіктің алғашқы жы­лынан бастап елімізде бүкіл Қазақстан халқының мүдделерін ескеретін үйлесімді тіл саясаты жүргізілуде.

Ендеше, елімізде жүргізілетін іс – шаралар, құжаттар, қағаздар міндетті түрде мемлекеттік тілде болуы қажет. Әрбір адам өз ана тілінде сөйлеуге міндетті. Себебі – әрбір тіл – бұл бүкіл адамзаттың рухани мұрасының бір бөлігі, ал әрбір мәдениет – бұл әлемдік өркениетке баға жетпес үлес. Тілдердің, мәдениеттердің бірлігі – егеменді республиканың қуаты,

Біз Отанымызды,Тәуелсіз Қазақстанымызды, қасиетті де қастерлі мекенімізді, байлыққа, қазынаға толы жерімізді, ең бас-тысы болашағы айқын, келешегі жарқын қазақ тілімізді мақтан етеміз керек.

Біздің бойымызға бір Алланың құдіретімен ана сүті арқылы дарыған қазақ тілі – ол менің және менің ұлтымның тілі. Біздің қазақ тілі – шексіз бай, шұрайлы, сазды, әдемі әуезді тіл. Сондықтан оған деген сүйіспеншілігіміз күннен – күнге арта түседі.

Ұлттың ұлт екенін білдіретін ол тілі мен діні, салт – дәстүрі мен әдет – ғұрпы. Осынау кең – байтақ даланы мекендеген қазақ елінің тілі – ол қазақ тілі. Қазақ тілі – ұлттың жаны. Демек, әр қазақ өз тілін көзінің қарашығындай сақтауы керек.

Қазір біз заманауи қазақ елінде тұрамыз. Ақпарат құралдарының, технологиялардың дамыған кезеңі. Бұл – біздің үнімізді, руха­ни байлығымызды бүкіл әлемге танытуға мол мүмкіндік. Тек таза сөйлеп, айтатын ойымызды жоғары дәрежеде мағыналы ше­бер жеткізе алсақ болғаны. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та, жазсақ та таусылмақ емес. Адамзаттың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл – тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Тіл байлығы – әрбір ұлттың мақтанышы.

Ана тілі туралы ойымды қорыта келе айтарым, дүниеде адам болып қалуың үшін өз тіліңнің болғаны абзал. Сол тілде сөйлеп, сол тілде ойлап, бар ынта – ықыласымен, жүрегіңмен ұлтыңа қызмет ету – сенің жеткен басты жетістігің болып қалады. Себебі, ол атадан балаға сақталатын киелі мұра. Тіл – баға жетпес қазына. Демек, әр ұлт, әр азамат өз ана тілін көзінің қарашығындай қорғауы тиіс деп білемін.

Торғын ШЕРМҰХАНОВА,

аудандық “Тіл” оқу – әдістемелік орталығының меңгерушісі.

Мәліметпен бөлісу: