Тазалық жинағаннан емес, шашпағаннан

Қашанда халқымыз үшін ауыл – руханиятымыздың темірқазығы, ұлттық құндылықтарымыздың алтын діңгегі, сондай – ақ береке – бірлікпен  байлығымыздың бастау көзі екені даусыз. Ауылдың таза ауасын жұтып, тұнық суын ішіп, көркем табиғатынан қуат алып өскен әрбір азамат өзі туған топырағын барынша қадірлеп – қастерлеу әр азамат пен азаматшаның борышы.

Сондықтанда біз өзіміздің тұрып жатқан ауылымыздың қадір – қасиетін бағалап, оның өсіп өркендеуіне бір кісілік үлесімізды қосуымыз керек деп ойлаймын. Әрине бір мақаламен бар кемшілік түзеліп кетпесі анық. Десе де, әр адам өз тарапынан қолынан келгенінше жақсылыққа талпынса және өзі тұрып жатқан ортасының таза болуына атсалыса білсе жақсылықтың бастауы сол болмақ.

Биылғы жылы ақын атамыз Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойы қарсаңында ауылымызға көптеген жаңа өзгерістер кіріп, аудан орталығы сүйсінерлік әдемі кейіпке енді. Орталық алаң күрделі жөндеуден өтіп, кеңейіп, арнайы жиналмалы сахна қойылып, Ілияс атамыздың ескерткіші орнатылды. Ауылымыздың Алматы жақтан кіре берісіне 600 түп шырша отырғызылып, болашақта сұлу саябаққа айналдыру жоспары қолға алынған.

Сәтбаев көшесіндегі каналдың екі жағына жарық шамдар қойылып, құм қайырға толып жататын бассейндер тазартылды. Оның айналасына демалуға арналған әткеншек, орындықтар орналасқан. Орталықта балаларға арналған ойын алаңдары мен спорттық кешендер ашылды. Көшелер асфальттанып, көше белгілері қойылды.

Ауылымызға келген қонақтарымызды көшемізге ұялмай ертіп шығуымызға, көрікті жерлерімізбен мақтануға енді ешкім де, еш нәрсе де кедергі ете алмайды. Айта берсек жасалған жұмыстар жетерлік. Тек енді осы әдемі ауылымызды осы қалпында таза ұстау барлығымыздың мойынымызда. Орталық арбатта ауыл жастары серуендеп жүреді, сырласып отырады. Отырған жерімізге қоқыс қалдықтарын тастап, өзіміздің дем алатын жерімізді өзіміз ластап жатқанымызды білмейміз.

Бір жігіт пен қыз арбатта келе жатып, топырлап отырған балаларды көріп, жігіт айтыпты: – Қарашы қандай жігіттер, еліміздің болашағы, тепсе темір үзетін алыптар ғой. Батырдың, ақынның ұрпақтары деп осыларды айт – десе, қыз айтыпты: – Иә әдемі – әдемі, көрікті жігіттер екен. Бірақ ауыздары көгершіннің артына ұқсайды екен. Алдыларын қарашы құстың саңғырығына толып жатыр депті. Иә, аталарымыз айтқан ғой, «Тазалық жинағаннан емес, шашпағаннан» деп. Олай болса, ауылымызды күнде тазалағанша шашпаудың, ластамаудың амалдарын қарастырайық. 

Жақсының жақсылығын көріп, барды бағалай білсек, біз алмайтын қамал жоқ. «Ауылым – алтын бесігім» бағдарламасын естен шығармаған жөн секілді. Сондықтан елдің ертеңі болған жас достарым барлықтарыңызды ауылдың көркеюі үшін еңбектенуге шақырамын.

Айжан НҰРТІЛЕУОВА, Жансүгіров ауылдық округі әкімшілігінің Жастар ісі жөніндегі нұсқаушысы.

Мәліметпен бөлісу: