ТӘУЕЛСІЗДІК КҮНІ!

Елінің жайлылығымен ерекшеленген кең байтақ даланы мекендеген қазақ мыңдаған жылдар бойына та­лай басқыншылықты басынан кешті. Қаншама жазықсыз жан­дар құрбан болып, өлшеусіз қан төгілді. Ата – бабамыздан қаншама рулы ел тарап, еліміз қашанда еңсесін көтеріп, ел бо­лып келеді. Осындай ұланғайыр жерді ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап, ұрпақтан – ұрпаққа мұра етті. Азулылар айқаса кетіп, айла­лылар арманына жетіп, еліміз бодандық бұғауына тұншықты. Еркіндік елеске, азаттық келмес- ке кетті.

Тілі мен діні, енді аттаса, заман жарқабағынан құлау қарсаңында мүлдем жойылу, тарихи жазбалардан сызы­лып кету қауіпі алдында тұрған қазақ халқына жиырмасыншы ғасырдың соңы ерекше тағдыр сыйлады. Дербес ел болуды көксеген кемеңгер ойлы, ке­сек тұлғалы көсемдеріміз бен шешендеріміздің рухы бір – бір аунап, қазақтың ұлан – байтақ даласына Тәуелсіздік дейтін қыран кескінді, алтын қанатты киелі құс келіп қонды. Осындай ауыр кезеңде, осы бір ауыр жүкті арқалау үшін тағдыр бізге кемел ойлы кемеңгер Елбасы­мызды берді. 1991 жылдың 16 желтоқсанында ел тәуелсіздігі жарияланды.

Тәуелсіздік күні – Қазақстан Республикасының негізгі ұлттық мерекесі. Бұл күнді еліміз әр жыл сайын 16 желтоқсан күні атап өтеді. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толып отыр. «Қарасу негізгі орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің шағын орталығында бүлдіршіндерге егемендігіміздің оңайлықпен келмегенін, Тәуелсіздік жо­лында қаншама тер мен қан төккенін ұғындыру, туған жеріне деген сүйіспеншілігін ояту, өз елінің патриоты болуға, ел егемендігін сақтай білуге баулу мақсатында «Тәуелсіздік күні!» атты мерекелік іс-шара өткізілді.

Шараға шағын орталықтың кішкене бүлдіршіндері бар ын­таларымен қатысып, мәнерлеп тақпақ оқып, әннен шашу шаш­ты. Барлық қатысушыларға ерекше ілтипат білдіріліп, мадақтау сөздері айтылды.

Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, тілегіміз – татулық болсын! «Рухы биік, арманы асқақ – Қазақ елі» Қазақстан Республика­сы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құтты болсын! Тәуелсіздік тұғырында көк туымыз желбіреп, мәртебеміз асқақтай берсін.

Айнұр АТМАНОВА,

«Қарасу негізгі орта мектебі, мектепке дейінгі шағын орталығымен» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің «Гүлдер» тобының аға тәрбиешісі.

Мәліметпен бөлісу: