Бұл күн еліміздің өміріндегі ең айшықты күн. Қазақ халқы бұл күнді өмір бойы аңсады. Оның жолында талай қан да төкті. Оған Кеңес Республикалар Одағы дейтін империя күйреген соң ғана қол жеткізді. Бұл күн елеміздің жарқын болашағының жаңа бетін ашты. Еліміз әлемнің тәуелсіз елдері қатарынан өз орнын алды. Бабаларымыздың мирас еткен, білектің күші, найзаның ұшымен біріктіріп ел еткен Қазақстан Республикамыздың тәуелсіздік алғанына — 26 жыл. Алтайдан Атырауға дейін созылып жатқан ұлан — ғайыр алқап көшпенді қазақ жұртының бағзыдан бергі ірге тепкен атақонысы. Ұлан — ғайыр атырап, Ертіс пен Еділге дейін, Арқа мен Алатаудың арасы- қазақтың алтын бесік атажұрты. Сонау сақтардан басталып, ғұн, қаңлы, қыпшақ, Ақ Орда мен Қазақ хандығының жалғасы бүгінгі тәуелсіз Қазақстан мемлекеті. Қазақстан Республикасы ежелден қалған ұлы істердің, ұлағатты дәстүрлердің, іргелі мемлекеттердің заңды мұрагері болып саналады. Әдетте біз қазақ ұлысының қалыптасуымен, Қазақ хандығының жеке орда тігуін Жәнібек пен Керей ханның есімімен байланыстырамыз. Бұл кезең қазақ халқының болашағы үшін шешуші тарихи сәттердің бірі болғаны рас. Қазақ хандығы, яғни 1465 жылы құрылса, арада 526 жыл өткеннен кейін Қазақстанның нағыз тәуелсіз мемлекет екендігі қайтадан жарияланды. Ел басына күн туған ауыр кезеңнің бірі «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» жылдары. Бұл еліміздің ащы қасіретіне айналған аса ауыр кезең болды. Азап пен қайғыға толы зобалаң ашаршылықтан ұлтымыздың көбі қырылды. Қазақтың кең сахарасында аштықтан босып көшкен халықтың барар жері, басар тауы болмады. XX ғасырда жер бетінде қазақ ұлтындай қасірет шеккен ел болған жоқ. Бұл ата- бабамыздың тәуелсіздік жолында көрген қиындығының бір ғана мысалы.Қазақ ұлты тарихында көптеген қиындықты бастан кешті, аяусыз шабуылға ұшырады, қырғыннан –қырғынға, босқыннан — босқынға талай азапты көрді. Дегенмен «Тәуелсіз» деген мағынаны білдіретін «қазақ» деген атына сай әрқашан азаттыққа қол жеткізу үшін талпынды, осы жолда күресті һәм шайқасты. Талай батырларымыз бен ұлт қайраткерлеріміз халқын бостандық таңына жеткізуді армандап жанын пида етті, шаһид болды, арманда кетті. Қазақ «мың өліп, мың тірілсе де» қазақ болып қала берді, әр ұрпақ өзінен кейінгілерге тәуелсіздікті арман етіп, ұлттық мақсат ретінде аманат етті. Өткен ғасырдың басында тарих сахнасында: «Оян қазақ!»-деп жар салған зиялылардың жаңа шоғыры шықты. Дербес мемлекет құруды аңсап, азаттық жолында бастарын бәйгеге тіккен Алаш қайраткерлерінің бәрі де тоталитарлық өктемдіктің құрбаны болды. СӘКЕН, ІЛИЯС, БЕЙІМБЕТ, ТҰРАР, МҰСТАФА, ӘЛИХАН, АХМЕТ ағаларымыз сол нәубеттің құрбаны болды. Елім деп еміренген ұлан , ерінің қадірін білгенде ғана біздің тәуелсіздігіміз баянды болмақ. Тілің аман, дінің аман, бауырың бүтін, рухың күшті мекенің берекелді болғай! Қазақ елі жасай бер! Тәуелсіздік — орасан зор ядролық қарудан толық ада мемлекетке дейінгі жолдан өткізді. Тәуелсіздік — жұртты бұрынғы таптаурын ойларынан арылтып, Семей полигонын жаптырды. Тәуелсіздік — халқымыздың асқақ армандары мен қайсар рухтың жемісі. Сондықтан біз үшін Тәуелсіздік ең қастерлі ұғым. Барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің мәні мен маңызы өте ерекше. Өйткені Тәуелсіздігіміздің арқасында тарихымыз, ұлттық құндылығымыз жаңғырды, тіліміз бен дініміз қайта оралды, ұлттық салт — дәстүріміз жанданды. Тәуелсіздік жылдары егемендігіміздің айшықты белгілері Қазақстан Республикасының рәміздері, Ата заңының қабылдануы әлеуметтік- экономикалық маңызы зор оқиғасы ұлттық валютасының енуі. Қазақстан Қарулы күштерінің құрылуы, жаңа Астананың бой көтеруі ұлттық мақтанышымызға айналды. Бұл күндері Астана қаласының қасиетті қазақ жеріндегі аумағы ғана қанат жайып, ұлғайып бара жатқан жоқ, Астананың жер жаһандағы абыройы да, ізгілікті істері де ұлғайып, өсіп, дәуірлеп барады. Астана жер жаһанға XXI ғасырда әлемге жаңа экономикалық үлгінің қажеттілігін алға тартты.
Кешегі тарих қойнауына кеткен XX ғасырдағы 1986 жылдың желтоқсанда болған оқиға ұлт тарихындағы азаттық үшін өткен күрестердің ең соңғысы еді. Биыл міне желтоқсан көтерілісіне де 32 жыл толады. Желтоқсан ұлттық сана — сезімімізді дүр сілкінтті, халық ретіндегі қасиетімізді танытты. Тәуелсіздігіміздің қадіріне жетуіміз керек, бақыт бағасын білгеннің ғана басында тұрады деп айтатыным содан — деп жауап берген. (Егемен Қазақстан, 21 тамыз 2013 жыл). Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев бұл қозғалыстың тарихи маңызын жан- жақты ашып көрсетті.. Желтоқсан — ұлт тарихындағы ұлы оқиға. Қалай десек те, бүгінгі тәуелсіздікке бастаған сара жол бір жылғы Алматыда өткен жастар көтерілісінен бастау алғаны белгілі. Иә, бізге еркіндік оңай келген жоқ. Желтоқсан оқиғасы — халқымыздың бастан кешкен тарихының бір кезеңі. Ол тарихта мәңгі қалады, ұмытылмайды. «Желтоқсан» десе-ақ, әрбір қазақтың көкірегінде небір көріністер қозғап, қоя беретін болған. Ұрып- соғу, түрмеге қамау, жұмыстан қуу, оқудан шығару үздіксіз жүріп жатты. 1986 жылы қазақ жастары өз Отанын, жерін, ар- намысын қорғай алатындығын көрсетіп, «Ел намысын аяқ асты етпеймін» деп бейбіт шерудің алдыңғы сапында болды. Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ләззәт Асанова, Сәбира Мұхаметжанова сияқты біртуар ұл – қыздар өздерінің жас ғұмырын сарп етті. Олардың есімдері халық жүрегінде мәңгі сақталады . Желтоқсанда өмірін қиып, құрбан болған жастарды жиі еске алып, арамызда жүргендеріне рахмет десек артық болмас. 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы — толғағы жеткен құбылыстардың жиынтығы.
Ұзақ жылдар бойы күшпен, қорқытумен, үркітумен, алдаумен, арбаумен бұғауда ұстап келген халықтың көзі ашыла бастады. Дағдарыс пісіп жетілді. 1986 жылы Желтоқсан құрбаны — Қайрат Рысқұлбеков Алматы архитектуралық құрылыс институтының студенті. Оған «жасақшы С.Савицкийді өлтірді» деген айып тағылды. Қайраттың өлім жазасына кесілуі дүниежүзілік қауымдастықтың наразылығын туғызды. Қайрат Рысқұлбеков Алты Алаштың арысы еді. Ол тірі қалғанда ақын болар ма еді? Лүп — лүп соққан балаң жүректің, өмірге құштар ыстық жүректің соңғы лүпілі. Жан сыры. Соңғы үміті. Өкініш пен өтініш. 1989жыл мамыр – маусымда КСРО халық депутаттарының I-съезінде дарынды ақын М.Шаханов Желтоқсан оқиғаларына әділ баға беруді талап етті. 1991 жылғы желтоқсанда «1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқаны үшін жауапқа тартылған азаматтарды ақтау жөнінде» Н.Назарбаев жарлық шығарды 17 желтоқсан Демократиялық жаңару күні деп жарияланды..
Осы оқиғадан кейін көп ұзамай еліміз өзі армандаған Тәуелсіздікке қол жеткізді. Ұлт мұңы мен ұрпақ қамы үшін «күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмеген» бабаларымыздың асқақ арманы орындалды. Әр ұрпақ өзінен кейінгілерге тәуелсіздікті арман етіп, ұлттық мақсат ретінде аманат етті. Сөйтіп қаншама төгілген қан мен тердің арқасында азаттықтың ақ таңы арайлап атты, баға жетпес байлығымыз, таусылмайтын қазынамыз — Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Ширек ғасырда көптеген белестерді бағындырдық. Тарих үшін жиырма алты жыл ұзақ уақыт емес, бірақ біздің жас мемлекет үшін бұл- үлкен кезең. Осы аталған қысқа мерзімде жеткен жетістіктеріміздің өзі жүз жылға пара- пар.Тәуелсіздік алып келген жетістік те, оң өзгерістер де мол. Тәуелсіздіктің ең басты жетістігі — еркіндік! Еліміздің еркін өмірдегі бүгінгі табыстарының бәрі де тәуелсіздіктің нәтижесі. Тәуелсіздік азаттықтың алтын діңгегі, ұлттық өрлеудің ұлы күші. Ұлттық тілдің, дәстүрдің, салт- сананың мызғымас тірегі- тәуелсіздік. . Тәуелсіздік — сан буын бабалардың қасиетті жеріміздің әрбір қадамын қорғау үшін төгілген өлшеусіз қаны мен терінің өтеуі Тәуелсіздік кешегі батыр бабалар өсиет еткендей Қазақстанды қасық қаны қалғанша қорғау жөніндегі әрбір азаматтың қайсар шешімі.
Баршамызды Тәуелсіздіктің Ұлы рухы жебейді, біріктіреді, бойымызға қуат беріп, сенімімізді нығайтады. Ол алтын күні жарқырап, алтын қыраны қалықтаған Қазақ елінің ашық аспаны астында дүниеге келген әрбір сәбидің жүрегіне орнайды. Ол әрбір азаматтың жүрегінде, әр шаңырақтың төрінде, елімізде бой көтерген әрбір үйде, әрбір қала мен ауылда салтанат құрды. Ол біздің экономикамыздың өсімімен, әрбір жаңа өндіріс орнымен , ұланғайыр Отанымызға төселген әрбір күре жолмен, дала төсіне енген әрбір тонна алтын дәнмен нығаяды Елімізде береке мен бірлік туы желбіреп, халық жағдайы жақсаруда «Ел үмітін ер ақтар» дегендей , Елбасы Н.Назарбаевтың кемелді саясаты ел дамуына тікелей үлес қосуда. Ел мен жердің бүтіндігін сақтау жолында аянбай күресіп, жеке басының мүддесінен халық мүддесін жоғары қоя білді. Елбасымыз — Қазақстан елін дамытып, одан әрі өркендеуіне басшылық етіп отырған ерекше тұлға. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Басқаға жалтақтайтын күннен кеттік. Бар байлығымыз өзімізге бұйыратын еттік. Қоғамдық саяси тұрақтылық пен бірлігіне жеттік. Қысқасы егемен ел болудың ауыр белестерінен өттік» енді болашақ өз қолдарымызда деген еді. Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында «Біз үшін болашағымызға бағдар етіп, ұлтты ұйыстыратын, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол — Мәңгілік Ел.
Өткен тарихымызға тағзым да, бүгінгі бақытымызға мақтаныш та, гүлденген келешекке сенім де «Мәңгілік Ел» деген құдіретті ұғымға сыйып тұр. Тәуелсіздік ең басты құндылығымыз. Алаштың айбыны, барша қазақтың ортақ Отаны қазақ елінің тәуелсіздігі баянды болғай!
Біз Тәуелсіз елдің өскелең ұрпағы, ұландар өзіміздің ел тәуелсіздігіне қосар үлесіміз әрине сапалы білім мен саналы тәрбие болады деп айта аламыз.
Жазира Нүсүпқалиева,
Тоқтаров атындағы орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі.