Ақсу өңірі Қоғамдық — саяси, әлеуметтік – экономикалық газеті

газет туралы

Газет тарихы

Ақсу аудандық «Ақсу өңірі» газетінің алғашқы саны 1934 жылы қазан айының 1 – де Ақсу МТС – нің жанынан екі тілде – қазақшасы «Ленин жолы», орысшасы «Путь Ленина» деген атпен жарық көрген екен.  Тұңғыш редакторы Жұмабай Саманов болыпты. Кейіннен орысша «Путь Ленина» газеті Сарқан ауданына беріледі де, қазақшасы «Ленин жолы» Ақсу селосына көшіріліп, Ақсу аудандық партия комитеті мен еңбекшілер депутаттары аудандық Советінің газетіне айналады.

Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында аудандық газет тылдағы еңбеккерлердің қажырлы қайраттарын ұштау, аудан еңбеккерлерін Қызыл Армияға керекті азық – түлік, өнеркәсіп шикізаттарын өндіру, сол арқылы басқыншы жауды күйрету кезеңін жақындата түсуге жұмылдыратын материалдар жариялады. Бұл жылдары газет редакторы болған Дубек Кемпіреков еді.

Соғыстан кейінгі жылдарда аудандық газетті Е.Абдрахманов, Б.Баймолдинова, Т. Рысқалиев, Е. Жақсылықов басқарып, газет ықпалының шаруашылықты өркендетуде арта түсуіне басшылық жасады.

1962 жылы аудандық газеттер қысқартылып, олардың орнына территориялық газеттердің шығуына байланысты Ақсу аудандық «Ленин жолы» газетінің соңғы нөмірі 22 сәуірде шықты да, содан кейін Сарқан ауданына көшірілді. Сол жерде «Ленин жолы» деген атпен шығып, Сарқан ауданының еңбеккерлерімен бірге Ақсу ауданының тұрғындарына да таратылды. 1963 жылы әр ауданда аудандық газеттер қайтадан шығатын болып, «Ленин жолы» газетінің редакциясы барлық техникалық жабдықтарымен Ақсу селосына қайта көшірілді. Осы жолы оның аты «Өмір нұры» болып өзгертілді. Содан кейінгі кезеңде газет редакторлары болғандар Т.Есімжанов, Т. Қалилаханов, Ж.Майтжанов, М. Қоңырбаева, Б.Аманбаев, С.Тінтаев және О.Жұмашевтар.

Ақсу топырағында туып – өсіп, қазақ поэзиясының дүлдүлі  атанған Ілияс Жансүгіров пен халық ақыны Қуат Терібаев бастап, одан кейінгі Тұрсынзада Есімжанов, Қанипа Бұғыбаева, Құдаш Мұқашев, Марфуға Айтқожина, Сағынболат Тінтаев, Қуат Қайранбаев, Сейдахмет Мұхаметшин, Шәкен Күмісбаев, Болат Бисұлтанов, Нұрғали Омарқұлов, Берлібек Аманбаев және басқа да ақындар мен жазушылар, журналистер осы газеттің шығармашылық ұжымымен тығыз байланыста болды.

Еліміз егемендік алғаннан кейінгі жылдарда аудандық газеттің атын заман талабына, өз өңірімізге сәйкес өзгерту туралы оқырмандар арасында пікірлер туындап, 1998 жылғы 19 наурызда газеттің атын «Ақсу өңірі» деп өзгерту туралы сол кездегі аудан әкімі Қ. Байболов қол қойған шешім өмірге келді.

2012 жылғы маусым айында “медиахолдинг Жетісу Ақпарат” Акционерлік қоғамы “Ақсу өңірі” газеті Ақсу аудандық филиалы болып қайта құрылды.

2015 жылы қараша айында «Медиахолдинг» таратылып, Ақсу аудандық «Ақсу өңірі» ЖШС «Ақсу өңірі» газеті болып шықты.

Қазіргі таңда «Ақсу өңірі» газетінің қызметкерлері – Ербол Сымханов, Ләззат Қасымбекова, Гүлжан Мұқышева, Кенжебек Әкімбек, Ілияс Қазбанбетов, Ермұхамед Найманхан жұмыс істеуде.