ЕРЗАТТЫҢ ЕРЛІГІ ЕЛГЕ МАҚТАН


Биылғы жыл еліміздің Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Бұл жыл жерлестеріміз үшін жеңісті, жемісті жыл болғанын спортшыларымыздың әлем чемпионат¬тарында көк туымызды биікте желбіретіп, Әнұранымызды әлем халқы алдында асқақтатқанынан көріп отырмыз.
19 – 22 тамыз күндері аралығында Украи¬на елінде Киев қаласында, Комбат джиу – джитсудан жасөспірімдер мен жастар және ересектер арасында әлем чемпионаты өтті. Алматы облысы бойынша Талдықорған қаласы Жекпе – жек спорт мектебінің аты¬нан Н.Есеболатов ауылының тумасы спорт¬шы бауырым, Қанатайұлы Ерзат қатысып 16 – 17 жас аралығында 75 кг. салмақта «Толық және тікелей байланыста» екі рет І орынға қол жеткізіп, 2 алтын медальды қанжығасына байлады. Алғашқы бапкері Азат Мұсабаев және Ержан Қанатайұлы.
Азаттың тағы бір шәкірті Аружан қызымыз жақында ғана Болгария астанасы Софияда ММА бойынша жастар арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, қола медал¬мен оралып, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталғаны туралы газетіміздің өткен нөмерінде жазған едік. Жеңіс құтты болсын! Көк туымыз биікте желбірей берсін! Жеңісті, қуанышты күндер көп болсын!
Енді Ерзат інімді мақтай бермей, «Алға Діңгек» ауылдастар чатындағы тілектерге кезек бергенім дұрыс шығар. Әрине, ол жерде де құттықтаулар көп, десе де аналардың тілегі, ұсынысы бізді де бей – жай қалдырмады. Майра апамыз:
– Қайырлы күн ауылдың азаматтары!
Тағыда ортақ жеңістеріміз құтты болсын,- деп бастап, ауылда арнайы спорт кешені болмаса да, керемет спорт майталмандары туымызды көкте желбіретіп, Қазақстанмен бірге киелі ауылымыз – Діңгектің атын тіпті шетел азаматтарының аузында жаттатып жүрген өрендерімізге Алла күш қуат, жеңісті күндер, саф алтындарды тағуға нәсіп етсін! – деп жалғастырыпты тілегін.
Қазіргі таңда жеңістерге жету үшін ауыздығын шайнап, ноқта үзіп жүрген ұл – қыздарымызбен, олардың ертең өкшесін басар, арттарында тағы да өсіп келе жатқан ұл – қыздарымызды баптауға, әрі қарай жеңіс тұғырының биік шыңына қондыруға, мүмкіншілік жасар ауыл азамат¬тары, өздеріңе үлкен де, жауапты сын түскен сияқты…
Құдайға шүкір, ауылымыздың «сойылын соғар», сен тұра тұр, мен сөйлейін,-деген азаматтарымыз бар!
Марқұм Нұртілеу ағаларың бастап кетіп еді, енді сол істі жалғастыру, «інісі бардың тынысы бар»,-дегендей, ауылдың белді, абыройлы, ел қатарынан жоғары жүрген, ай¬тар сөзі, көрсетер істері, беделі бар азамат¬тары: Ғабит, Ғани, Манарбек, Берік, Тастан¬бек, Мейір, Жантас, Жеңіс, Нұржан, Ілияс т.б. сияқты азаматтары сендерсіңдер!
Облыс, аудан әкімшілігіне барып, спорт кешенін салу жайлы сұрақ көтерер болсаңдар, «құрғақ қасық ауыз жыртады»,- дегендей емес, шүкір олардың алдарын¬да сендердің мыстарыңды көтерер, ауыз толтырып, саусақпен санап отырып айтар жеңімпаздарың бар! АРУЖАН қызымыз об¬лыс атын шығарса, қалғандары да облыс, аудан атын шығарып жатыр емеспе?..
Мына бір мәліметті оқып, арнайы сақтап қойып едім, міне, сол мәліметтің ішінде біздің жоспардағы спорт кешеніміз жай¬лы бір ауыз сөз жоқ, енді мен ойлаймын, жеңімпаздарымызды естеріне түсіре от¬ырып, сөз бастайтын сәттің орайы кел¬ген сияқты… «Темірді қызған кезде соқ»,- дегеннің сәті келді – ау деймін…
(…Елбасының республикада 100 спорттық – сауықтыру орталығының құрылысына тап¬сырысына сәйкес, облыста 13 спорттық – сауықтыру орталығы пайдалануға берілді. Тағы 5-еуі жақында беріледі. Олардың біреуі шалғайдағы Балқаш өңірінде. Қазірдің өзінде пайдалануға дайын. Бұл ретте біз спорт ғимараттарын, материалдық – техникалық базаны реттеуге ерекше на¬зар аударамыз. Бұның бәрі бұқаралық спортты дамытуға және жаңа таланттарды анықтауға ықпал етіп, нәтиже беруде…)
Ал біздің жастарымыз жаттығу кешенінсіз де, материалдық техникалық базасыз да, нәтиже беріп жатыр емес пе?
Спорт кешені – ол елдің жиған ақшасымен емес, (намыстың езуін айырған 85 жылғы түлектердің қолдауының өзі керемет, адам¬ды жігерлендірер дүние емес пе? Нағыз Азамат екенсіңдер айналайындар, аман болыңдар!) мемлекеттік (облыс, аудан көлемінде) қолдаумен бітетін құрылыс!
Ұл – қыздарымыз бізді жеңістерімен қуантып, абыройымызды көтерді, ендігі ке¬зек БІЗДІКІ…
Чатты толтырып жазар құттықтау сөз, (әрине! қуаныш ол дұрыс та) енді бірақ балаларға шынайы, іспен көмектесер кезең туды!..
Нағыз “бір жағадан бас, бір жеңнен қол” шығарар сәт міне қазір, енді туындады….
Ал! Бастайық Азаматтар, мен сендермен біргемін! АЛЛАҒА АМАНАТ, ІСКЕ СӘТ!,-деп аяқтаған екен. Ендеше, ел ағалары осы тілегімізді ескерер деген ойдамыз.
Ербол СЫМХАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Мәліметпен бөлісу: