ДӘУІРДІҢ ДАРАБОЗЫ (ДЕРЕКТІ ОЧЕРК)

Іні керек тоқсанға да, жүзге де, ақыл айтар аға керек бізге де – десек Сіз әр дәуірдің тезіне түсіп, ғылымның сан сынағынан сүрінбей өткен, адамгершіліктің мөлдір бастауын лайламай ақыл мен парасатқа тән тұма бұлақтай таза сезімге суарылған нағыз үлкенге іні, кішіге ағаға лайық азаматсыз десек  ол өмір шындығы. Шын азаматтың әр әрекеті жүрек жұтқан тәуекелден тұратыны сөзсіз. Замана уақыттың қаһарынан қаймықпай, ғылымның тар жол, тайғақ кешуіне батыл қадам жасап, оның тезіне түскенімен тізесі дірілдемеген, әр ісін сана сүзгісінен, парасат елегінен өткізу арқылы мүйіздері қарағайдай талай академиктердің алдында өзіңіздің ғылым жолындағы алғашқы тырнақалды еңбектеріңізді, айшықты ойларыңызды батыл айтып, қорғай білдіңіз.

Ғылымдағы атқарған әр ісіңізді зерек зердемен байыпты талдау жасап, заманның жақсы мен жаманын талғам таразысына салып, оның әлеуметтік сипатын барынша зерделеп, ауқымы кең қорытындыларға барып ақыры Батыс пен Шығысты табындырған, таңқалдырған ғалым Академик атандыңыз.

Енді міне, Сіз уақытпен аяқты тең алып жүретін қолын замана тамырынан алмайтын, сезімі сергек, адалдықты алмас семсердей ұстаған кішіге асқар таудай аға, үлкенге ілтипатты іні болып парасат – пайымыңыз кемел шақта жетпістің жайлау төріне шығып отырсыз. Біз дара тұлға Қалқаман Тұрсынұлына арнайы жолығып, мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, оның биобиблиографиялық көрсеткішіне көз жүгіртіп танысқанымызда өмір жолы былайша өрбіген еді:

— Я, Ақсу ауданының және Алматы облысының «Құрметті азаматы» Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов – тарих ғылымдарының докторы, профессор, танымал тарихшы-ғалым, дүниежүзі және отан тарихы саласы бойынша маман. Алғаш рет қазақстандық тарих ғылымында ол, әлемдік мәнге ие, ортағасырлық Германия мен Еуропа тарихының мәселелерін зерттеумен айналысты. Профессор Қ.Т.Жұмағұлов көтерген Орталық Азия мен түркі халықтарының тарихына тікелей қатысы бар ғұндардың Еуразия мен Еуропадағы тарихының мәселелері ерекше маңызды болып табылады. Бірқатар монографиялардың, оқулық, оқу-әдістемелік құралдардың, дүниежүзі тарихы, Еуразия, Батыс және Шығыс тарихы бойынша қазақ, орыс және шет тілдерінде ғылыми мақалалардың авторы.

********

— 1972 жылы 6-жылдық арнайы бөлімді озат бітіргеннен кейін Қ.Т.Жұмағұлов жалпы тарих кафедрасына оқытушылық қызметке қалдырылды. Содан бері, міне қазір 50 жылдан аса ол туған университетінің қабырғасында: студент, ассистент, аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары, тарих факультетінің деканы (екі мәрте), профессор, ерте дүние және ортағасырлар тарихы кафедрасының негізін салушы және алғашқы кафедра меңгерушісі (1991-2007 жж). 2007-2011 жж.  дүниежүзі тарихы кафедрасының меңгерушісі; 2011-2016 жылдар аралығында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дүниежүзі тарихы, тарихнама және деректану кафедрасының меңгерушісі. Кафедра меңгерушісі қызметінде 25 жыл бойы үздіксіз атқарған еңбегі, қомақты табыстары үшін, Ғылыми кеңес шешімімен профессор Қ.Т. Жұмағұловқа «әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-нің Құрметті кафедра меңгерушісі» деген атақ берілді. ӘҒА академигі (2000 ж.), ГҒА академигі (2008 ж.), ҚР ҰҒА Құрметті академигі (2013 ж.), Геттинген университетінің Құрметті профессоры (Германия, 1999 ж.), Франция тарихшыларының аймақтық Ассоциациасының мүшесі (2012 ж.).

Профессор Қ.Т. Жұмағұлов – ең алғашқы қазақ тарихшы — медиевист. 400-ден аса еңбектердің авторы. Солардың ішінде монографиялар, оқулықтар, көптеген оқу, оқу-әдістемелік құралдары, ғылыми мақалалар мен баяндамалар.

Қазіргі таңда ол аталған кафедраның профессоры, Дүниежүзі тарихын зерттеу бойынша Республикалық Ғылыми-Зерттеу Орталығының директоры. Профессор Қ.Т.Жұмағұловтың ғылыми жетістіктері бірнеше дүркін Халықаралық ғылыми гранттармен атап өтілді. Ол Қазақстанда Халықаралық ДААД грантының жалғыз алты мәрте иегері: 1995, 1997, 1999, 2003, 2007,    2011 жж.

ҚР Н.Ә. Назарбаевтың Жарлығымен Қ.Т. Жұмағұлов «Құрмет» орденімен (2006 ж); «Қазақстан Республикасы ғылымының дамуына сіңірген еңбегі үшін» төс белгісімен, «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «Ы.Алтынсарин», «А.Байтұрсынов» медальдарымен, «әл-Фараби» Үлкен Күміс медалімен, ҚазҰУ-нің 80 жылдық мерейтойына арналған медалімен марапатталды. «ЖОО Үздік оқытушысы» Республикалық грантының иегері, Алматы облысының «Құрметті» азаматы.

 

********

— Дарабоз ғалым 1948 жылдың 1 қаңтарында Талдықорған облысы (қазіргі Алматы облысы) Қапал ауданы Арасан ауылында қызметші отбасында дүниеге келді.   Бала кезден бастап ол атасы Жабықбай, әжесі Ұлтуар және ата-анасы дарытқан өз елінің әдет-ғұрып пен салт-дәстүрін бойына сіңіріп өсті: әкесі Ұлы Отан соғысының ардагері Тұрсын Жабықбайұлы және анасы барлық өмірін кітапхана қызметіне арнаған Кенжетай Батырбекқызы, сонымен қатар ақсақалдар мен туыстары.

Арасан 11-жылдық мектебін бітірген соң Қ.Т. Жұмағұлов С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне келіп түседі.

Сол бір өткен студент жылдарында Қалақаман Жұмағұлов өзінің болашақ өмірлік серігі София Ахметованы жолықтырады, екеуі бір курста бірге оқыған болатын. Оқу үздігі София қоғамдық жұмыстарға да белсене араласты, топ комсоргы, факультеттің «Тарихшы» студенттік газетінің редколлегия мүшесі бола жүріп, факультеттің студенттік ғылыми ұйымы Кеңесінің құрамына кірді.

Батыс, Орталық және Солтүстік Еуропаға қатысты ерте ортағасырлар тарихы бойынша ғылыми тақырыппен айналысуын одан әрі қарай жалғастырып, оның хронологиялық ауқымын кеңейтіп, әрі тереңдете отырып, Қ.Т. Жұмағұлов 14 жыл өткеннен кейін, 1997 жылы «Основные проблемы развития древнегер¬манского общества до Великого переселения народов» атты тақырыпта докторлық диссертациясын тамаша қорғайды. Бұл оның осы саладағы көпжылдық зерттеулерінің нәтижесі болған еді. Зерттеуге Мәскеу ғалымдары, белгілі медиевист-тарихшылар Ресей Мемлекеттік гуманитарлық университеті (РГГУ) проректоры профессор Н.И. Басовская, РҒА (РАН) Жалпы тарих Институты батысеуропалық ортағасырлар тарихы секторының меңгерушісі профессор А.А. Сванидзе және басқалар өте жоғары баға берді.

Өзінің кейінгі ізденістерінде Қ.Т. Жұмағұлов дүние жүзі тарихы тақырыптарын монографияларында, оқу құралдарында, оқу-әдістемелік басылымдары мен мақалаларында жалғастырды. Сөйтіп, ол Қазақстан тарих ғылымында алғаш болып ғаламдық маңызға ие Германия және Еуропаның ортағасырлық тарихы мәселелерін зерттеді. Ерте ортағасырлар дәуіріндегі герман халықтарындағы феодализм генезисінің теориялық аспектілерін зерттеуге зор үлес қосты, шет тілдеріндегі жазба деректер мен қазіргі археологиялық деректер, этнология, антропология, лингвистика,  сондай-ақ бірқатар жаратылыстану ғылымдары мен XX ғ. екінші жартысы – XXI ғ. басындағы пәнаралық ізденістер негізінде аталған мәселелерге кең талдау жасады.

*********

Қайта құру мен КСРО ыдырауына тұспа-тұс келген өте бір күрделі өтпелі дәуірде, 1987-1992 жылдары Қ.Т. Жұмағұлов факультет деканы ретінде  оқу-тәрбие процесін жетілдіру мен факультеттің ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестіру ісінде көп шаруа тындырды. Мәскеудегі Жалпыодақтық бірлестіктердің мүшесі ретінде ол М.В. Ломоносов атындағы ММУ жанындағы және Мәскеу тарих-архив Институтындағы (қазір РГГУ) тарих мамандықтары бойынша ОМК (УМО) жұмысына белсене араласты. Оның бастамасымен ҚазҰУ-дың тарих факультетінде алғаш рет жаңа мамандықтар мен мамандану топтары ашылды (саясаттану, тарихшы-мұрағаттанушы, муражайтану).

1989 жылы декан Қ.Т. Жұмағұлов бастамасымен алғаш рет ол кездегі бүкіл Орта Азия мен Қазақстан аумағындағы жалғыз жалпы тарих бойынша кандидаттық диссертация қорғау Ғылыми Кеңесі ашылды («КСРО тарихы» мамандығымен бірлескен Кеңес). Осы Кеңесте көршілес одақтас республикалардан да аспиранттар мен ізденушілер келіп қорғап жататын. Тарих факультетінің студенттер саны ол жылдары күндізгі және сырттай бөлімдер бойынша 1600-ге тарта болатын. Тарих факультеті көптеген көрсеткіштер бойынша университеттегі алдыңғы орындарда болды.

Қ.Т Жұмағұлов декандық қызметінің екінші мерзімінде де 2000-шы жж. көптеген шаруалар жасалды, уақыт талабына жауап беретін жаңа пәнаралық мамандықтар бойынша кадр дайындау басталды. «Тарихнама және деректану» мамандығы ашылды, магистранттар, аспиранттар мен стажерлар саны артып, докторантураға қабылдау өсті. Сонымен қатар, ең маңыздысы факультет Германия, Түркия, Австрия, Франция, Дания, Швейцария, Қытай, АҚШ, Польша, Канада, Жапония, Иран және басқа да алыс-жақын шет елдердің бірқатар университеттерімен, ұйымдарымен ғылыми байланыс орнатты.

*********

Тәуелсіздік алғаннан кейін БҰҰ және басқа да халықаралық ұйымдарға кірген тәуелсіз Қазақстан Республикасына тарих ғылымы мен тарихи білім берудің негізгі бағыттарының бірі – әлемдік тарих бойынша өзінің ғылыми-педагогикалық кадрларын дайындау қажеттігі тұрды. Декандық қызметпен қатар, кафедра меңгерушісінің қызметін атқара келе, бұдан кейінгі уақытта ол жаңа, маман дайындаушы кафедраның жұмыстарымен толықтай шұғылдануға ойысып кетті. Кафедра бүгінгі келбетіне ие болып, танымал болғанға дейін оған көптеген, күрделі жұмыстарды атқаруға тура келді…

Ғылыми зерттеулерді ұйымдастырушы ретінде кафедра меңгерушісі Қ.Т. Жұмағұлов «Еуразияшылдықтың тарихи тамырлары, оның әлемдік тарихтағы рөлі» атты тақырыпта жетекшілік етті, бұл тақырып шеңберінде зерттеудің басты объектісі Орталық Азияның, түркі әлемінің және Қазақстанның жаһандық әлемдік-тарихи процестегі орнын анықтау болды.

Кафедра бірқатар жылдар бойы Болондық жүйедегі елдермен белсенді жұмыстар атқарды. Қ.Т.Жұмағұлов бастамасымен университетте алғашқылардың бірі болып, Германия, Италия және т.б. елдермен ынтымақтаса отырып PhD докторларын дайындауды бастады.

Еуропа, АҚШ және Монғолия университеттерінің шақыруымен проф. Қ.Т. Жұмағұлов шет тілінде ғұндар тарихы, Орталық Азиядағы түркі әлемі, Еуразия және Қазақстан тарихын қоса отырып, «Әлем тарихындағы Батыс пен Шығыс» тақырыбында дәрістер оқыды, баяндамалар жасады.

2013 ж. бастап Қ.Т. Жұмағұлов Дүниежүзі тарихын зерттеу бойынша РҒЗО директоры болыпта табылады. «Халық тарих толқынында» Мемлекеттік бағдарламасы бойынша 2014-2015 жж. екі мәрте Римге Ватиканның Апостол кітапханасының қорлары мен бөлімдерінде және Ла-Сапиенза университетінің кітапханасында ғылыми іс-сапарда болған профессор                    Қ.Т. Жұмағұлов, Батыс және Шығыс, Ұлы Жібек жолына және Қазақ хандығының тарихына қатысты латын тілінде жаңа деректік мәліметтер анықтаған.

Манускриптері көне, құндылығы жоғары, библиографиялық жағынан сирек кездесетін құжаттары бойынша Еуропада бірінші орын алатын Ватиканда, Ватиканның Апостол кітапханасының қорлары мен бөлімдерінде (Biblioteca Apostolica Vaticana) ғылыми-ізденіс жұмыстарын жүргізген профессор Қ.Т. Жұмағұлов, Түркі әлемі – Ғұн империясы, Авар және Түркі қағанаттары тарихына және орта ғасырлар кезеңіндегі Қазақстан территориясындағы мемлекеттік және тайпалық бірлестіктерге қатысты жаңа деректік мәліметтер анықтаған. Бұл деректердің басым бөлігі латын тілінде жазылған.

Алғаш рет профессордың ізденісі нәтижесінде Ватиканда Аттиланың үшінші бейнесі табылған. Ол осы уақытқа дейін бірде-бір Ғұн империясы мен Римге қатысты басылымда кездеспегенін баса көрсетуге болады. Фреска XVI ғасырда Рафаэльдің жақын шәкірттерімен жасалған. Төмен жағында «S. Leo Pont. Max. Attila. Furentem. Reprimit», латын тілінен аударғанда: «Папа Ұлы Лев қатыгез Аттиланы тоқтатуда» деген жазу бар.

Проф. Қ.Т.Жұмағұлов әлемдік тарихтың қазақстандық мектебін қалыптастырды. Оның жетекшілік етуімен 3 докторлық, 16 кандидаттық диссертация, 6 докторлық диссертация (PhD), сондай-ақ көптеген магистрлік диссертациялар қорғалды.

***********

Қалқаман Тұрсынұлы Жұмағұлов өзінің 70 жасқа толған мерейтойын көрнекті ғалым, беделді педагог, ынтымағы жарасқан отбасының иесі ретінде қарсы алып отыр. Жұбайы София Тұланқызы екеуі екі бала өсірді – ұлы Санжар – заңгер, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Әділет кеңесшісі, қызы Жанна – Вестфаль университетінің (Германия) құқықтану мамандығы бойынша докторанты. Үш немересі бар: Карина, Сабина және Алихан. Ғалым  жаңа буын тарихшыларды тәрбиелеп отыр, әріптестері, ғалымдар, студенттер арасында үлкен беделге ие. Мерейтой иесіне осы абыройлы қызметінде зор табыстар отбасына береке-бірлік, зор денсаулық, туған-туыстарына ұзақ және бақытты өмір, шадыман шаттық тілейік. Сонымен бірге:

Еуразияға танымал атың Айдай,

Абырой, бедел — даңқын басыңа сай.

Адам озар адамнан – тек біліммен,

Деген екен данышпан Һәкім Абай.

Біліммен озған жансыз қатарыңнан,

Батыс, Шығыс таңғалған атағыңнан.

70 – тің жайлауының төріндесін,

Шәкірттерің нұрланар шапағыңнан.

Білеміз талай тарих ашылғанын,

Деректер кітап болып басылғанын.

Ешкім әлі білмейтін, естімеген,

Үшінші қырын таптың Аттиланың!

Іздену ермегі емес еріккеннің,

Ол еңбек – еңбегіңнен жеңіс көрдім.

Қазақтың тарихын ел білмей жатса,

Тарихын жазып бердің немістердің.

Тарихтың бұлтын серпіп тұмшалаған,

50 жыл жеңіс, жеміс – бір саладан.

София жеңгемізді соннан тауып,

Екі жеп биге шықққан сұлтан ағам!

Жүрімбек Сыдықовтай сақаға еріп,

Білімнің ақ уызын қатар еміп.

Тұңғыш шыққан тарихшы, медиавист,

Ақсулық атың мәшһүр академик.

Білімді тура жолдан жаңыла ма?

Білімсіз дәл сіздей боп таныла ма?!

Бүгінгі мерекеңіз құтты болсын,

Академик,  профессор, ғалым аға!   десек,- еш артықтығы жоқ шығар.

 

Дүйсен МҰХАМЕТШАРҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

 

 

Мәліметпен бөлісу: