Абайды оқы, таңырқа!

Көп адам дүниеге бой алдырған, Бой алдырып, аяғын көп шалдырған, Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған, – деп төрелігін өзі шешкен Абай бүгін жарқын бейнесімен де, жалынды жырымен де бізбен бірге 175 жыл бойы өмір сүріп келеді, мәңгі өмір сүре бермек!

Осыған орай Ғали Орманов атындағы орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде еліміздің Тұнғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын негізге ала отырып және Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” мақаласын насихаттау, Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл – мұраларын насихаттап, өлеңдерін, әндерін кеңінен насихаттау мақсатында «Абайды оқы,таңырқа!» атты 5-11 сынып оқушылары арасында  байқау өтті. (әр сыныптан 5 оқушыдан қатысты). Жалпы сайыс 4 кезеңнен тұрды. Нақтырақ айтсақ, I «Өлең сөздің патшасы, сөз сарасы» кезеңінде қатысушылар Абай өлеңдерін 3 тілде оқыды. II «Білімді мыңды жығар» кезеңінде (Абай мұрасынан сұрақ-жауап) әділқазылар алдынан сұрақ алу. III кезеңде оқушылар Абайдың әндерін шырқаса. IV кезеңде зерделі сөздің – зергері Абай атамыздың асыл сөздерінің жалғасын табумен  ұласты.

Сайыста мектепішілік ата-аналар комитетінің мүшесі Жанат Хамитова, ауылдық кітапхана қызметкері Г.Садуақасова, қазақ тілі пәнінің мұғалімі А.Майколемова орыс тілі пәнінің мұғалімі Т.Сансызбекова, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ж.Айтқасымдар төрелік етті. Қазылардан сын естігендердің қатары аз болмады. Әсіресе, бірінші бағыт бойынша өлеңді жатқа оқыған бірқатар оқушылар төрешілер тарапынан Абайдың өлеңдерінің сөздерін өзгертіп айтқаны үшін, қазылар тарапынан ескерту алды. Әйтсе де сайыстың аты сайыс. Жеңген де бар, жеңілген де бар. Ендеше, жеңімпаздарға тоқталсақ,   жүлделі І орынды 7 «Ә» сынып оқушылары иеленсе,  ІІ орынды 5 «Ә» сынып оқушылары қанжығасына байлады. Ал, жүлделі  ІІІ орынды 6 «А» және 7 «А» сыныбы оқушылары тұрақтады. Байқау соңында жеңімпаздар Мақтау Грамотасымен марапатталды. Балалардың ұлы ақынның мұрасын осындай дәрежеде білуінің өзі үлкен қуанарлық жағдай. Мұндай сөз өнері тек қазақ халқында ғана бар. Ол қазақ халқының інжу – маржаны. Абай атамыздың әрбір өлеңін, әнін жанына серік етіп жүрген бала, келешекте еш нәрседен ұтылмайды. Сол үшін біз Абайға, Абай бастаған ұлыларға басымызды иіп тағзым етуіміз керек. Сонда ғана Абай біздің мәңгілік бағдаршамымыз болып қалады. Абай әндерін шырқап, өлеңдерін жатқа оқитын, қара сөздерінің мағынасына түйсіне білетін оқушыларға бұндай сайыстардың берер мүмкіндігі зор. Сол себепті осындай сайыстарды, оқуларды жиі өткізіп тұрсақ, өсіп келе жатқан жас ұрпаққа ұлттық рух сыйлап, өнер жолына бағыт – бағдар  береміз.                                                                      

Ж.ШАЛАБАЕВА, Орманов атындағы орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Мәліметпен бөлісу: