ҚАСИЕТТІ ТОПЫРАҚТАН ШЫҚҚАН – АҚСУ АРЫСТАРЫ

Қадірменді ағайын, зиялы қауым!

Өткенді білу тарихқа мойын бұру, ата – бабаларымыздың өмір тіршілігін ұмытпау тірілер – біздердің адамгершілік борышымыз болмақ.

Бұрын «Жеті атасын білмейтін ұл жетесіз» десе, бүгіндері «Жеті ғасырын білмейтін ел жетесіз»,-дейтін заман­да өмір сүріп отырмыз. «Мың өліп, мың тірілген» қайсар халқымыздың басынан кешкен, өткен тарихы нақтылы шындық тұрғысынан айтылмай, оны біздің жете білмей жүргеніміз шындық.

Осы уақытқа дейін көне мәдени – та­рихи ескерткіштерімізді бүлдіріп, киелі аруақтар жатқан қорымды, қадірлеп, қастерлемей, жүргеніміз де рас. Ақсу топырағынан шыққан киелі әулиеміз де, қол басқарған, ел қорғаған батырлары­мызда ұмытылмауға тиіс.

Өлкемізде бірнеше ғасырға созылған жоңғар шапқыншылығынан қорғап, қорған болған батырлар: Қаптағай, Сары ұлы Бөрібай, Аталық Есенгелді, Барлық батыр, Елкеұлы Алдияр, Қанай Төлебай, Шоңай Есенқұл, Алдиярұлы Кенжебай, Қуат батыр, Майлы батыр, Сарбаз ба­тыр, Жомарт батыр, т.б. тарихи жазба деректерде кездеседі.

Кейінгі орналасқан жерін қорғап, еліне, жеріне, руына пана болған ба­тырлар: Дөсетұлы Тәнеке батыр, Байтулақұлы Мүсәпір, Шегенұлы Нияз батыр, Мырзаның Баубегі, Базарбайдың Тәсібегі т.б. ел арасында осылардың батырлықтары туралы айтылып жүрген әңгімелер көп кездеседі.

Тарих растаған, жазба еңбектерде аты аталатын, аты аталмаған өзі кедейден шыққан, от ауызды орақтілді Нияздың Құлы атанған Құл ақын, бүгінгі сөз етіп отырған Толғанбай ақын, Тайкөт ақын, Әсем, Жақыпбек, Бекетбай, төкпе ақын – Ақпанбай, Иманбек т.б. өткен.

«Нелер жайсаң арыстар өткен жоқпа? Тірісінде ұрпаққа сөз қалдырған» – де­гендей небір даулы іске қатысып, билік айтқан би – шешендерімізде болған көрінеді. Олар: Бөрібайұлы Қыдаралы би, Қуатұлы Асау би, Телібай би, Жайлау­бай би, Қалибек, Нұрабай, Шиырбай ше­шен, Жақанбай шешен, Малай шешен, Түйтебайұлы Тұрлыбек шешендер. Осы­лар туралы дерек іздеп, ұрпақтарына айтқан сөздерін жеткізе білуіміз керек.

Биылғы жылы 303 жыл толғалы отырған Ұлы Әули бабамыз – Қоңырбайұлы Көтен Тәуіп – Хан Абылайдың заманында өмір сүрген. Сыр елінде 1719 жылы туған. Әбілмансұр ханмен замандас, тұстас. Әкесі Қоңырбайдан үш бала тараған. Ең үлкені Түгел, ортанғысы – Күшіман, кенжесі – Көтен. Бабамызға дуа қой соңында жүргенде жастай қонған.

Қоңырбайұлы Көтен Тәуіп бабамыз ту­ралы халық ортасында айтылып жүрген аңыз – әңгімелер өте көп.

Жоңғарлар мен қазақтар бір – біріне шабуылдап тұрған кезде Тәуіп әулиенің өзімен бірге туған тетелес ағасы – Күшіман қазақ батырларымен қалмақ жаққа барымта жортуылға бармақ бо­лады. Сапар қарсаңында Күшіман бәйбішесіне: «Анау үйдегі қайныңа ба­рып сұрап келші Көріпкелі бар еді, жолы­мыз бола ма, болмай ма?- дейді.

Жеңгесі: «Ағаң жартуылға барамыз, жолымыз болама болмайма біліп кел дейді» – дегенде Көтен Тәуіп: «Бар­масын, жолы оң болмайды»,-дейді жақтырмай. Ағасы айтқан тілін алмастан басқалармен қалмай кетіп қалады.

Әулиенің айтқанындай, ағасының жолы болмай қалмақтардың қолына түседі. Жоңғарлардың ең ауыр жаза­сы өгіз терісіне тігілген сіргеге тігіп күн көзіне тастайды. Ағасын күн ысыған сайын қураған тері қыса түседі. Сіргеде жатып, әбден азапқа түседі. Күшіман: Қолға түсерімді білгенде, құтқару қолынан келмейме?» деп қиналып жы­лайды. Мұны сезген Әулие қобызын ойнап «бардыңдар ма, сездіңдер ме?» деп жын рухтарын шақырады. Азап­тан қалжыраған ағасы сіргенің тігісінің ақырын сырт – сырт сөгілгенін біледі. Өгіз терісінен шыға сала қалмақтың кер­меде байлаулы тұрған атына міне сала қашып, еліне аман – есен келеді. Осы бір оқиғадан Әулие бабамыз жоңғармен болған қақтығыстың бел ортасында өмір сүргендігі байқалады. Абылай ханның Көріпкел әулиелерінің бірі болған деген деректер де кездеседі.

Көтен Тәуіп қалмақтың небір сәуегей жауырыншыларынан асып түсіп, қазақ қолын қандай қиын қыстау жортуылдан, соғыстың тығырығынан жасақтарды аман – сау құтқарып отырған. Бабамыз халық емінің керемет білгірі болған. Оған бір дерек, Көтен Тәуіп Әулие еліне шарапаты көп тиген, маңындағы кембағалдарға қамқор болған жан. Бірде Тәуіп Әулие Науамен жылқы суа­рып жатса, бір көш жақындай түседі. Түйе үстінде біреудің зарланғандауысы естіледі. Көш те келіп жетіп, бабамыз жөн сұрайды. Сөйтсе, әлгі зарланған байдың баласы екен. Ас іше алмай, іші кеуіп, ісініп кеткен көрінеді. Соны Көтен Тәуіпке емде­туге әкеле жатқандарын айтады.

«Е, ендеше іздеген адамың мен бо­ламын, кәне түйені шөгер, науқасты түсіріңдер – дейді Әулие. Баланы жерге түсіреді. «Екеуің екі қолтығынан демей науадан су ішкізіңдер, қанғанша ішсін,» дейді. Әлгі науқас бала су ішкен соң, аяқ – қолын қимылдата алатын күйге жетеді. Ақыры бесінауа құлан таза жазылады. «Бұл тебінгі деген ауру. Емі – жылқының сілекейі тамған су, – дейді Тәуіп Әулие.

Жаугершілік соғыста батырлардың сынған сынықтарын салған, жараланғандарын емдеген. Түрлі шөптерден дәрілер жасаған. Истің түрін ажырата білген. Жыландарды шақырып алып, кері қайтара білген. Дауыл, жел соқтырған. Жеті атаға дейін қыз алыспау, қыз беріспеуді, қан араластырмауды жеті атаға тұқым қуалаушылықты, олардың аз­бауын қатты насихаттаған. Науқастардың барлық түрін жаза білген. Алдағыны болжаған, қолмен қойып көзбен көргендей көріпкел болған. Темірден түйін түйген шебер, зергер, ұста болған. Тесілген шойын қазандарды қолмен жамаған. Киелі Қобызы, Қасиетті Төсі аян арқылы табылған балтасы қазіргі ұрпақтарының қолында «көздің қарашығындай» қасиеттеп сақтаулы тұр.

Қойлыбай бақсы сияқты киелі қобызын аста аттың бәйгесіне қосқан. Қобыз атты бәйгенің алды болып келген. Көпшілік көріпкел Әулиені көзі тірісінде қатты құрметтеп, сыйлаған. Көп жасап дүниеден өткен. Дүниеден өткеннен кейінде аңызға айналып, құдіреттене, аруақтана түскен. Алапатты киесі бар Ұлы Әулиені халқы пір тұтқан. Әулие бабмыздың басына екі ғасырдан астам науқастар түнеп, бала көрмегендер сыйынып, мінежат етуде. Ба­сында «шырақшысы» үзілмеген. Қазірде «шырақшасы» Сейітханқызы Бижамал мен Мүсірепұлы Аяз әулиеге қызмет етіп, Әулие бабаларын пір тұтқан жандар.

Жерлес ақынымыз Ораз Жұмашевтің «Алдияр Әулием» деген өлеңінде:

Ақ ниет қабыл боп, жарылқап, ағынан,

Пайғамбар аяны бойына дарыған

Пірәдар Тәуіп деп ақсарбас шалатын,

Атанған әйгілі Әулие арыдан

Қашанда рухымен санада келеді,

Қиналсақ дуалы киесі қолдаған- деген­дей арғы тарихта өткен киелі әулие баб­мызды білуіміз керек.

Ел шежіресі, жер шежіресі дегендей жер тарихы елдің тарихы екен. Жақында ауыл маңындағы «Иманды калфе» аталатын қарым, зиратқа көңіл аудардым.

Данышпан Абайдың: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деп бір Аллаға сенеді, сыйынады.

Әуелде жас қартаймақ,туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із – көрген қызық артта қалмақ,

Бір Алладан басқаның бәрі өзгермек» десе, бір Алланың барына шәк келтірмеуіміз керек екен. Дін – тазалық, жүректі тазартады. Дін – адамның көңілі, адамгершілік қасиеті деп түсінген жөн.

Екінші Әулие, Бейсекұлы Иманды (1807-1889) – (1815 – 1902) жж. Қасиетті шарапатты жан екен. Кірпіштен Құдайүйі – құтхана мешіт салдырған. Маңындағы алыс – жақын елдің балаларын мешіт – медреседе оқытып, шариғат жолына, имандылыққа шақырған, елін ұйытқан екен. Өзі иманды десе, иманды болған. Таза киінген, таза жүрегн, ғайбат сөз сөйлемеген, өтірік айтпаған, әділ болған, қаріп – ғасірге көмек көрстекен. Айналасындағы қоршаған табиғатты, жан – жануарларды аялаған. Ағаш өсірген. Ағаштың бір бұтағын сындыртпаған, шариғат жолын таза ұстаған, бір Аллаға сыйынған адам болған дейді.

Бірде жолаушы келе жатса, ақшам мен екінті арасында екі ұры кездесе кетеді де атын аударып алып, жаяу қалдырып, жүре береді. Екі ұры ұзай берегенде оларды қайта шақырады. Екеуің менімен белдесіңдер – дейді. Екі ұры едіреңдеп жетіп келеді. Жарайды атты алдыңдар енді қайта жүре беріңдер десе екі ұры ары қарай жүре алмайды. Енді Иман­ды калфенің артынан қалмайды. Сөйтсе жаңағы менімен белдесіңдер деген кез­де құранның аятымен дуалап тастаған көрінеді. Екі ұры артынан еріп ауылына келеді. Иманды қалфе көпті жинап екі ұрының істегендерін халыққа жариялай­ды. Екі ұры ұялып, енді ұрлықты қоямыз деп ант етеді. Оларға ұрлықты қойдырып дұрыс жолға салады.

Қалфенің екі баласы болған. Екеуіде шариғат жолын терең білген. Құранды жатқа білген. Құранды жатқа айтатынды «Қари» дейді.

Баласы Ахметқаридың тұсында 1928 – 1932 жылдың аралығында «Құмжарғанға» басқарма болған, Дүйсенбаев Дүйсенқұл құтхана мешіті бұздыртады. Кешікпей мешітті бұзғандардың бәрі киеге ұрынады. Оған нақты дәлел, бұздырған басқарма қайтыс болады. Шоңқыбаев Ахметқали аузы – басы қисайып, кейін қайтыс бо­лады. Шынасылұлы Бекіш бір көзі шығып, есі ауысқан аусар ауру болады. Балалардың мазақ тәлкегіне ұшырайды. Алпсыбайұлы Әмір кірпішін, есігін алғаннан аузы – басы қисайғандығын көргендер бар, қазір тірі, олар растайды.

Азаншысы Нүсіптің бәйбішісі Әсем апамыздың Иманды қалфені басына науқасты дәретіндіріп, тазалап дұрыс апармағандықтан, екі көзі су қараңғы болған.

«Елімде толып жатыр қажы – мол­да» – деп Жақыпбек ақын айқандай осы аймақтағы елден Иманды калфенің тұсында 145 адам мұсылмандықтың бес парызын орындаған. Меккеге қажылық сапарға барып, қажы атанған. Осы елде дін жолын, шариғат жолын ұстанған қажы, софы, молдалар көп болған.

Ендігі бір арысымыз, батырдың соңғы тұяғы ел қамқоры, руына пана болған Мырзаның Баубегі туралы (1843 – 1914) Баубекті көргендер батырдың тұр тұлғасы өте ірі денелі, қас-қабағы қалың, басының өзі кішігірім қазандай, көзі тостағандай, ат жақты алып тұлғалы ер еді дейді Бау­бек артына ерген елін, Матайдың ішіне көшіріп бір жыл қыстайды. Артынан іздеп барған Шүй мен Бармаққа матайлықтар бір ат мінгізеді. Баубектің артына ерген елін жеке бір болыс ел жасамақ болып, Шүйелерді «Өзденбайға» жинайды . Сонда алдынғыны естіген Құл ақын:

Шүйенің бір баласы Кебене екен,

Таман Шүйе жиналып, «Өзденбайға»

келген екен.

Атасының аруағын атқа сатып,

«Шікең» мен «Бәкең» менің кәрі боғымды жеген екен – деп өткір тілімен шенейді.

Құл елді бірлікке татулыққа шақырған, елдің қамқоры. Араз ағайынды табысты­рушы, бекенің қазығы болған. Ел аралап шындықты бетке айтатын өткір ақын.

Бірде Баубек батыр Сарыарқада атақты байдың түйесінің ішінде маңына адам баласы бара алмайтын бурасы барын естиді. Сонша адамнан күшті не қылған бура оның әуселесін көрейін деп Баукең бұзау тіс қамшысын алып, Арқаға барады. Әбден шабынған бура Баубек батырға қарай тура шабады. Баукең қамшысымен бір салғанда, бураның басы екіге қақ айырылған екен. Байдың ел ауызына атағы шыққан бурасы өледі. Сұрау салады.

Ел құлағы елу. «Бұл бураны өлтірсе, Баубек батыр ғана өлтіре алады». – дейді. Әлгі бай Баубекті бір көруге ынтық болады. Шұбарағашта Баубек батырдың түр келбетін көрген бай дау – даумалақ түгіл батырдың тұлғасына риза болып, арқасынан қағып, қандай батырдың бол­сын өзіне лайық аты болады.

Мінетін аты – «Салпаң» деп аталған. Баубек батырды одан басқа ат көтере алмаған. Баубек батыр қайтыс болғанда жалғыз қызы Қамқа былай жоқтау айтқан екен:

Әуелі құдай жаратты, мырзаны артық басында

Мың кісіге төтеп боп,

Оспан тұрды қасында.

Оспан онға келген соң,

Құр қалмаған санаттан.

Нағашысын сұрасаң,

Қосай, Досай қаракөк.

Екі асылдан тараған,

Қайраты артық асыл тек…

Мырзаның Баубегі туралы да ел аузында сақталған әңгіме көп. Бау­бек батырдың соңғы тұяғы, асылдың сынығы, елінің арысы. Қайтыс болғанда жоғарыдағы айтылған «Иманды қалфе» қорымына жерленген. Қасиеттілігі сол Иманды қалфе мен Баубектің басы­на түнеген науқастар айығып кеткен. Малдың ауруы да жазылған. Осындай киелі, қасиетті орындарды күтімге ала алсақ, нұр үстіне нұр болар еді, Соңғы кезде айтылған. «Зиратына қарап, елін таны» дегендей «Өлі риза болмай, тірі болмайды» деген сөз бекер айтылмаған шығар. Ақсу аймағындағы осындай арыстарымызды, аруақтарымызды сыйлайық ағайын. Жастарды тарихын сүйуге, дәстүрін білуге ұлтжанды болуға баулиық.

Жоғарыда аты аталған бабаларымыздың аруағы қолдасын.

Бір Алла бәрімізге жар болсын!

БӨБЕКБАЙ Сопының шөбересі – Қағазбек Қойшыбай НАМАЗБЕКҰЛЫ, өлкетанушы, деректерді жинаушы.

Жаңалық ауылы.

Мәліметпен бөлісу: