Жария садақаның бірегейі – уақып

Уақып(وقف)– арабша сөз болып, сөздікте «қамау, тоқтату, кедергі болу» дегенмағыналарды білдіреді. Ал шариғаттағы мәні – өзіне тиесілі бір мүлікті Алла разылығы үшін халықтың игілігіне беру, жақсылыққа жарату, өз иелігін тоқтатудегенді білдіреді. Дінімізде кейбір фиқһ ғалымдары уақып сөзінің орнына «ахбас” терминін қолданған. Ахбас сөзі уақып сөзімен  бір мағынада қолданылатын сөз.

Дінімізде  көпшілік ислам ғалымдарыныңпікірінше уақып ісі Пайғамбар сүннеті болып есептеледі. Яғни, шариғат бойынша істелуі ұнамды болған және Аллаға жақындататын іс. Қасиетті Құранда мұсылмандардың малдарын қалай жұмсалуы керектігі анық баяндалған. Дәл осыуақыпқа байланысты Құранда ешқандай аят жоқ болғанымен оған ишарат жасайтын, мүлікті Алла жолында уақып етуге нұсқайтын әрі уақып құрудың  қажетті нәрсе екенін дәлелдейтін бірқатар аяттар бар:

Алла Tағала Әли Имран сүресі, 92-аятындабылай дейді:

«Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады».

Және Қасиетті Құранның Сәбә сүресі 39 – аятында: «Алла жолында берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады»,-делінген.

Уақып Алла жолында жасалатын жақсылықтардың бірі. Сондықтан тәпсіршілермсен хадисшілердің көпшілігі жоғарыдағы аяттар уақыпты меңзеп тұр деген тұжырымға келген.

Әбу Талха (р.а) атты сахаба осы аят түскен кезде: «Раббымыз біздің байлықтарымыздан өзінің жолында сарып етуімізді қалап тұрғандай. Уа, Алланың елшісі, өзім қатты жақсы көретін «Байруха” атты құрма бағым бар, соны Алланың жолында садақа еткім келіп тұр»,- деген болатын. Содан кейін Пайғамбарымыз (с.а.с) оған «ең жақын туыстарыңа бер» деген соң Әбу Талха (р.а) көкесінің ұлдарына және басқа да туыстарына жерін садақа етеді.(Муслим)

Әбу Һурайрадан жеткен хадисте: «Егер адам баласы бұл өмірден өтсе, амал дәптеріне жазылатын сауап тоқтайды. Тек мына үш жағдайда ғана амал дәптеріне сауап жазыла береді: Жария берілген садақа, пайдаға асқан ілім және соңынандұға жасайтын салихалы ұрпақ».(Муслим)Хадистегі «жария садақа” сөзі осы уақыптың шариғатымызда бар екендігін меңзеп тұр.

Және басқа бір хадисте Ибн Омар (р.а) былай деп риуаят етеді: «Омар ибн Хаттаб (р.а) Хайбарсоғысында бір жерді иемденеді. Бір күні осы жер хақында кеңесу үшін пайғамбарымызға (с.а.с) келіп: «Уа, Алланың елшісі, мен Хайбар соғысында бір жерді меншігіме алдым және ондай байлыққа бұған дейін ие болмадым. Бұл жер хақында маған қандай әмір бересің?»,- деп сұрайды.Сонда Пайғамбарымыз (с.а.с): «Егер қаласаң ол жерді уақып қыл да одан түскен пайданы садақа қылып отыр»,- деп кеңес береді. Омар(р.а) содан кейін ол жерді ешкімге сатылмайтын, мирасқа да қалмайтын қылып садақа қылды. Одан түскен пайдалары болса кедейлерге, өзін құлдықтан құтқарғысы келгендерге, Алла жолындағы жақсылықтарға, жолаушыларға, басқа қаладан келген қонақ меймандарға садақа қылып беріп отырды. Ал ол істі мойнына алған яғни пайданы жинап отыратын кісінің сол кездегі жағдайға сәйкес ішіп жемі мен жанында тағы бір кісінің ішіп жеуіне уақыптан ақша бөлінді».

Дінімізде уақып жақсылық жолындағы уақып, бір әулетке тиесілі уақып, бір әулетке жартылай тиесілі уақып болып бөлінеді.

1. Жақсылық жолындағы уақып (діни уақыпдепте айтылады) − Басынан бастап Аллаға құлшылық ниетімен құрылған (мешіт, медресе және т.б) және осы уақыптан барлық адамдар, барлық кедейлер пайдалана алады деген тілекпен құрылған уақып. Осы уақыпты құрған адам ешқандай кісіден пайда күтпейді. Оның бұл жасаған ізгі амалы Алланың разылығы үшін және адамзаттың пайдасы үшін болып табылады. Ол уақыптан жеке басы үшін бір пайда ала алмайды. Ал уақыптың жұмысын жүргізу үшін тағайындалған адамдар уақып арқылы түрлі қызметтер жасап түскен пайданы тиісті жерлерге таратады.

2.Бір әулетке тиесілі уақыптар (Бір ұрпаққа тиесілі немесе бір адамның атындағы уақып). Бұлуақыптан өзіне, бала шағасына, отбасына пайда ала алады. Ал олардың қайтыс болуы арқылы уақып олардың меншіктерінен шығып пайдасы жұртқа ортақ болып қалады. Бұл уақып түрі діни болуымен қатар бір адамның өз ұрпағының қажеттілігі үшін бір мүлік тағайындауы  болып есептеледі.

3. Бір әулетке жартылай тиесілі болған уақып. Бұндай уақыптың құрылым жүйесінде діни (жақсылық жолындағы) уақыптар мен бір әулетке тиесілі уақыптардың шарттары да болады. Яғни, бұндай уақыптан түскен пайдаға жалпы жұрт пен белгілі бір әулет ортақ болып табылады.

Негізінде уақыптың біз білетін зекеттен айырмашылығы бар. Зекет – парыз, ал уақып болса – парыз емес, сүннет амал. Зекетте нисап мөлшері бар. Мұсылманның дүние-мүлкі нисап мөлшеріне толғанда ғана зекет беере алады. Ал уақыптың белгілі бір мөлшері жоқ. Зекет жылына бір рет берілсе, уақыптың мерзімі бекітілмеген. Адамның өз еркіндегі нәрсе болғандықтан, адам өзі қалағанынша уақып етеді. Зекетке берілетін ақшаны айналымға сала алмайсыз, бірден Құранда көрсетілген 8 топтағы адамға таратып беруіңіз керек. Ал уақыпта қаржыны айналымға салуға болады. Мәселен, уақып еттім деп біреу он қой берсе, оны бірден таратып жібермей, қой санын көбейтіп, 15-20 ға жеткізіп, оның 5-10 садақаға беруге болады.

Басқа қайырымдылық амалдары секілді уақып етілген мүлікті немесе одан түскен қаржыны мұқтаж жандар пайдалана алады немесе сол санаттағы адамдарға таратылуы тиіс. Мешіт, медресе, шәкірт тәрбиелеу, білім тарату, студенттердің стипендиясы, кітаптар басып шығару, сатып алу, кәсіп, өнер үйретуге жұмсауға болады. Адамдарға пайда беретін кез келген істіуақып арқылы жүргізуге болады. Алайда Ислам дініне және оның үкімдеріне қайшы келетін істерге уақыпты немесе одан түскен қаржыны пайдалануға болмайды.

Біз айтып отырған осы уақып ісіқазақ жеріндебұрыннан болған. Солардың бірі: Ең әуелі бұл «Насаб – нама» тарихы. «Насаб-нама» дегеніміз бұл қазақ жеріндегі ислам миссионерлері – қожалардың шежіресі болумен қатар, уақыптық жерлерінің құжаттары ретінде ұрпақтан-ұрпаққа беріліп отырған.Алайда, кезіндегі орыс патшасының отарлау саясаты мен кеңестік атеистік идеология олардың көзін жоғалтуға тырысқанын көруге болады. Бұл «Насаб-намалар» тек шежіре емес, сонымен қатар уақыптық жер-суларға ие екендігін куәландыратын заңды құжат есебінде пайдаланылған. Әрбір саяси өзгерістерден кейін, «Насаб-нама» иелері уақыптық жер-суларын қорғау үшін лауазымды адамдардың мөрлері мен құжаттарын қайтадан куәландырып отырған.

Уақып жайлы сөз қозғағанда, Қазақстан жерінің рухани астанасы саналатын Түркістанда Ақсақ Темірдің 1397-1405 жылдары Қожа Ахмет Яссауиға арнап салғызған кесене-мешіті жайлы айтпаса болмайды. Өйткені тарихи деректерден Ақсақ Темір осы кесене-мешітті уақып етіп салып, «уақыпнама» қалдырғанын білеміз.  Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы бір өлеңінде:

Жарар еді ортада мешіт салсақ,

Қаза қылмай намазды барып тұрсақ,

Бір ғалымды фазыл заттан имам сайлап,

Байларымыз жиналып уақып қылсақ.

М.Дулатұлы шариғат, діни ұстанымы туралы пікірі Әлихан Бөкейханмен үндес. Ол осы жөнінде былай жазады: «Қазақ халқына діни бір уағыз» атты бөлімінде: «Әр болыста жамағат қаржысына ұсталатын бір мешіт, земство қаражатымен жұмыс жасайтын бір медресе болсын», – деген. «Мұның сыртында, байлар мешіт – медресе ашамыз деп жатса, тыйым салынбасын», – дейді.

Қазақстанның сыртында бабаларымыз арғысы Бабыр ұрпағы Үндістанда дүниенің жеті кереметінің бірі Тәж – Махал салып кетсе, Бейбарыс бабамыз Мысыр елінде салған мешіті және ислам жұртына ардақты үш мешіт: Меккедегі Месжидул Харамды, Мәдинадағы пайғамбар мешітін, Құддыс қаласындағы Әл – Ақса мешітін күрделі жөндеуден өткізіп кеңейткенін білеміз.

Ал, бергісі Құнанбай қажының Меккедегі уақып етіп салып кеткен тәкиесі – халқымыз үшін ардақты мекен болып саналады.1874 жылы Меккеге барған Құнанбай парызын өтеумен қатар, қалаға қонақ үй салдыртады. “Тәкия” қонақ үйінің салғаны жайлы нақты дерек 1883 жылы Қазан қаласынан басылып шыққан «Маңызды мәселелер кітабында” келтіріледі. Онда: «Байтоллаға бардық. Құрбан айының басында Меккеде қазақ тәкиесіне түстік. Кіші жүз салдырған.Қанатбай деген қазақ тұрады.Құнанбай қажының да тәкиесі бар екен»,- деп жазылған.

Уақып тақырыбы қаншалықты маңызды болғандай, бұл жұмысты, бұл қызметті жүргізу де соншалықты сауапты да,жауапты іс. Яғни, Ислам діні бұл өмірді мәңгілік өмірге дайындық мекені, ал болашақ өмірді – осы өмірдің жалғасы етіп, адамның тәні мен жаны, материалдық және рухани дүниесі арасына таңғажайып та, кемел тепе – теңдік орнатып, қоғамның тұрақты да, бақытты дамуына сенімді темірқазық бола алды.

Данағулов Алмас Сағидоллаұлы,

Талдықорған өңірі орталық «Иман” мешітінің бас имамы.

Мәліметпен бөлісу: